"Бізге ешкім ештеңені сыйға тартқан жоқ!". Назарбаев орыс шовинистеріне жауап қатты

Dalanews 02 шіл. 2021 03:02 1073

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның солтүстік өңіріне сұқтанып жүрген ресейлік саясаткерлерге жауап қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Назарбаев бұл мәселеге Путиннің стилінде пікір білдіріп, Ресейдің Сібір аймағын сөз етті.

“Мысалы, Батыс саясаткерлері Сібірді аузынан тастамайды. "Бұл аймақ Ресейдің құрамына зорлықпен қосылған. Сібірді Кремльдің құрамынан шығарып алу керек” деген сыңайда сөйлейді. Бұл да сол секілді. Ресей Қазақстанның территориясына көз алартпайды және қандай да бір территориялық талабы жоқ. Лавров бұл мәселеге әлдеқашан нүкте қойған. Барлығын ресми деңгейде қарастыру керек. 

Әрбірден соң мына заманда кім не айтпай жатыр? Ойына келгенді көкитіндер көп. Оның үстіне Украинадағы жағдай отқа май тамыза түсті. Шығыс Украина бар, құрамына қайтарып алған Қырым бар…”, – деді Назарбаев туған күні қарсаңында әзірленген “Штрихи к портрету” деректі фильмінде аталған жайтқа арнайы тоқталып. 

Елбасы мұндай арандатуға көңіл бөлмеуді, назар аудармауды үйрену қажет дейді.

 Әйтсе де, “Ресей КСРО шекпенінен шыққан елдерге ұланғайыр аумақты сыйлай салды” деген Кремль көсемінің пікірін жауапсыз қалдырғанды жөн көрмепті. 

“Сыйға тартылған жер? Мұндай әңгімелер айтылды. Кімге, қай территорияны тарту етіппіз? Біз Алтын Орданың мұрагеріміз, егер сол кезеңге дейін тереңдесек, Мәскеу княздығы күн сайын алым-салық төлеп тұрған. Табанымыздың астындағы қара жер кімге тиесілі екенін білу үшін, мың жылдық тарихымызды еске алу керекпіз бе?! Бізге сырттан ешкім ештеңені сыйға тартқан жоқ. Сондықтан мұндай арандатуға назар аударудың қажеті шамалы. Ең бастысы Ресейдің ресми билігі дейді, сол маңызды”, – деп қосып қойды Назарбаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар