"Еуразия әлемі" пікірсайыс клубында осындай маңызды мәселе талқыға салынды. "Посткеңестік кеңістіктегі отбасы институты және отбасылық саясат" атты тақырыппен ұйымдастырылған шарада осы мәселеге қатысты өзекті пікірлер ортаға салынды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттауда үлкен жұмыстар жүргізілуде.
"2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр жексенбісінде Қазақстанда отбасы күні өткізіледі. Былтырғы жылдың ақпан айында Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, дәл сол жылдың аяғында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасы қабылданды. отбасы құндылығын арттыратын байқаулар да тұрақты түрде өткізіліп отырады. Айталық, "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына қатысатын жанұялардың саны жыл сайын артып келе жатыр" деді ол.
Өз кезегінде "Нұр Отан" партиясы Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Жұлдыз Омарбекова бұған қарсы уәж айтты.
"Статистика басқаша сөйлейді. Сондықтан шындықтың көзіне тура қарау керек деп санаймын.
Жыл өткен сайын елімізде ажырасу саны артып келеді.
Мысалға 2012 жылы Қазақстанда 47 598 ажырасу тіркелген және жыл сайын артып отырған. Дәлел керек пе? 2013 жылы - 51 305, 2014 жылы - 54 438, 2015 -
53 007 ажырасу жағдайы тіркеліпті. Сайып келген кезде еліміздегі әрбір төртінші отбасы ақыр аяғы ажырасып тынады деген сөз.
Міне, Қазақстандағы отбасылық құндылық мәселесі туралы айтқанда осы сандардан аттап кете алмаймыз" деді ол.
Ал ғалым Евгений Пастуховтың айтуынша, неке туралы түсініктің өзі мемлекеттік деңгейдегі дүние. Бұл мораль мәселесі. Ал мораль мәселесіне кез-келген мемлекетте сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер етеді.
"Айталық, біз неге соңғы кездері көңілдес пен тоқал мәселесін жиі талқылап кеттік. Себебі, қоғамдық мораль бізді соған итермелеп отыр" деді Пастухов.
Тақырыпты түйіндеген саясаттанушы Зәмір Қаражанов жиынға қатысушыларға "Бізде отбасыға қолдау көрсете алатын нендей дүние бар?" деген сауал қойды.
– Айталық, Қазақстанда отбасымен бірге демалатын сауда ойын-сауық орталықтарынан басқа не бар, айтыңыздаршы?Алматыда өткен Универсиада ойындағы елімізде отбасылық демалысқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп берді. Сайып келгенде, бұл әрбір отбасылы адамның алдынан шығатын сауал. Отбасыңмен бірге қайда барып демалуға болады? Бұл маңызды дүние" деді саясаттанушы.