"Біз сізді қолдаймыз": Айжан Аймағановаға бұрынғы әріптестері ерекше сый жасады (ВИДЕО)

"Біз сізді қолдаймыз": Айжан Аймағановаға бұрынғы әріптестері ерекше сый жасады (ВИДЕО)
gov.kz. Суретте: Айжан Аймағанова

Әлеуметтік желі қолданушысы Әсет Какимов Қуандық Бишімбаевқа қатысты резонансты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы болған бұрынғы әріптесі Айжан Аймағанованың депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуына қолдау білдірді. Ол Instagram парақшасында арнайы бейнеролик жариялап, бұрынғы прокурорға ерекше сый ұсынған, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Айжан ханымды ерекше құрметтейміз. Депутат болуына қолдау білдіремін. Қыздардың ғана емес, бүкіл халықтың намысын қорғап, ел игілігі үшін аянбай еңбек ететініне сенемін. Біз сізді қолдаймыз", – деп жазды Әсет Какимов.

Жарияланған видеода Айжан Аймағановаға арнайы әзірленген сый ұсынылып, оның алдағы саяси қызметіне сәттілік тілегені көрінеді. Желі қолданушылары да жазба астында бұрынғы прокурорға қолдау білдіріп, жаңа бастамасына сәттілік тілеген.

Бұған дейін Айжан Аймағанова "Әділет" партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылғанын және осыған байланысты прокуратура органдарындағы қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, құқық қорғау органының қызметкері саяси партия құрамында бола алмайтындықтан, жұмыстан шығу туралы шешім заң талабына сәйкес қабылданған.

"Кандидат болып ұсынылуыма байланысты прокуратурадан жұмыстан шықтым. Бұл – заңның талабы, мен оны толық орындадым", – деген еді Аймағанова.

Ол бұл қадамға саналы түрде барғанын айтып, прокуратура саласында жинаған білімі мен кәсіби тәжірибесін заң шығару қызметінде пайдалануға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуге үлес қосып, қоғаммен ашық диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.