Біз көп сөйлейміз, ал іске келгенде шорқақпыз – Тоқаев

Dalanews 27 шіл. 2021 15:34 799

Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен Көкшетау қаласының даму перспективалары туралы есеп берді деп хабарлайды Dalanews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеп.

Президентке аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, агроөнеркәсіп, туризм, тау-кен металлургиялық кешені, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика және басқа да салалардағы инвестициялық жобалар таныстырылды.

Облыс әкімінің есебін тыңдаған Мемлекет басшысы өңірді дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді.

– Облыстың алдында бірқатар міндет тұр. Соның ішінде астық жинау науқаны. Әрине, бұл науқанның сәтті аяқталуы табиғатқа тікелей байланысты екенін түсінеміз. Дегенмен, табиғи жағдайлардың кері әсерін мейлінше азайтып, астықты барынша мол жинау керек. Бұл – бір.

Екіншіден, биылғы жаз не көрсетті?! Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар мал сатып алып, өздерін фермерміз деп атайды. Бірақ жем-шөп қорын әзірлеуді ұмыт қалдырады.


Сіздің баяндамаңызда бұл мәселенің қамтылғаны дұрыс болды. Қазір осы түйткілді шешумен айналысу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешімін түсіндірді.

– Жарлыққа қол қойылды. Аталған құжатқа қол қойылуын және облыстық маңызы бар қала мәртебесінің берілуін көпшілік кеңінен қолдап жатыр.

Бірақ, осы шешімнің мәні мен маңызын тек облыс көлемінде ғана емес, жалпы еліміз бойынша халыққа қосымша түсіндіру керек.

Бұл шешім, ең алдымен, Қосшы тұрғындарының өмірін жеңілдету мақсатында қабылданды. Онда қағаз бойынша 40 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді.

Шын мәнінде, ол жерде 80 мың адам тұрады. Олар тұрмыстық мәселелерімен облыс орталығы Көкшетауға баруға мәжбүр болады. Оған көп уақыт, күш жұмсайды. Әрине, бұл тұрғындардың жүйкесін жұқартады. Сондықтан қаланың әкімшілік мәртебесін өзгертетін осындай шешім қабылданды. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау қаласының тұрғындарына берген уәдесінің орындалуы және жылу электр орталығының құрылысына кірісу қажет екенін айтты.

– Көкшетау қаласы өз жылу электр орталығы жоқ, тек жылу қазандықтары ғана бар жалғыз облыс орталығы болып отыр. Бұл жобаның құны бірнеше есе өсіп, 240 миллиард теңге болды. Біз бұдан аздау қаржыға жоспарладық, бірақ  жуырда тиісті шешім қабылданады. Бұл облыс орталығында тұратын халықтың тұрмысын жеңілдетеді. Сондықтан мұны жүзеге асыру керек. Үкімет аталған шешімді аяғына дейін жеткізеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісін дамыту мәселесіне назар аударып, Көкшетау қаласы осы саладағы басты тірек орталықтардың бірі екенін атап өтті.

– Бұл – ел экономикасының аса маңызды әрі перспективті  бағыты.  Бүгін мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы державасына айналуы тиіс деп айттым. Бұл – өршіл, бірақ қол жеткізуге болатын мақсат. Осы ретте облыстың рөлін асыра бағалау қиын. Бұл бағытта біз мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін күшейтуге бағытталған Ақмола облысының күш-жігерін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әкімдіктің тұрғын үй құрылысы жөніндегі жоспарын қолдады. Оның пікірінше, әлеуметтік тұрғын үй бөлу мәселесін реттеу қажет.

– Тұрғын үй құрылысына байланысты мәселелерді неғұрлым көп шешсек, соғұрлым мұндай пәтер алғысы келетін адамдар көбейе түседі. Аталған мәселені реттеу қажет. Ешқандай негізсіз әлеуметтік тұрғын үй кезегіне тұрған адамдар тиісінше електен өткізілуі керек. Бірақ, мемлекеттің негізгі қызметі азаматтардың алдындағы өз міндеттемелерін орындау емес пе? Оларды әуре-сарсаңға салуға мүлде болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы шешімнің дұрыстығына тағы бір мәрте тоқталды.

Президенттің айтуынша, сайлау ашық әрі әділ өтті. Тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Ауылдағы ағайын өздерінің елді  мекендерін басқаруға қолайлы көрген адамдарын сайлады.


– Енді, жергілікті әкімдер өздерін сайлаған азаматтардың алдында тікелей жауап береді. Олардың өз бағдарламалары болды. Сол бағдарламаларды жүзеге асыруы қажет. Сонымен қатар облыс әкімдері сайланған азаматтарға көмектесуі керек.

Осы ретте мен мына мәселеге ерекше мән бергім келеді. Сайланған әкімдер өздерінің кездейсоқ сайланбағанын іспен дәлелдеуі қажет. Олар өз бағдарламаларын сөзбен емес, іспен орындауға тиіс. Өкінішке қарай, біз көп сөйлеп, аз іс атқарамыз. Ал біз бұл жағдайды 180 градусқа өзгерткеніміз жөн. Яғни, көп істеп, аз сөйлеуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар