Бішкектегі мектептер ер адамның балаларға шабуыл жасаймын деген қаупінен кейін онлайн оқу форматына көшірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаланың бірнеше мектебінен оқушылар эвакуацияланды. Бұған мессенджерлердің бірінде тараған бейнежазба себеп болды. Онда белгісіз ер адам мектеп оқушыларына күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Бішкек қаласы әкімінің орынбасары Виктория Мозгачева 17 қазанда барлық муниципалды мектептер қашықтан оқытуға көшетінін мәлімдеді.
Қалалық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, оқиға фактісі ақпаратты тіркеу журналында тіркеліп, алдын ала тексеру басталды.
Полиция күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол – 2005 жылы туған Украина азаматы Ярослав Овсюк.
Мәліметке сәйкес, Овсюк Ресей ІІМ тарапынан телефон терроризмі үшін халықаралық іздеуде жүрген.
«Бішкек ІІБ тұрғындарды сабыр сақтауға және дүрбелеңге бой алдырмауға шақырады. Барлық түскен ақпарат пен хабарламалар дереу тексерілуде. Қазіргі таңда тізімге енген барлық мектептер тексерілді, күдікті заттар мен қауіп белгілері табылған жоқ. Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде», – делінген ресми хабарламада.
Бейнежазба тарағаннан кейін №6 және №61 мектептер, сондай-ақ «Ақ-Ордо» тұрғын ауданындағы жалпы білім беретін мектеп қоршауға алынып, оқушылар мен әкімшілік эвакуацияланды. Оқиға орнында кинологтар жұмыс істеді.
№6 мектеп-гимназиясының ғимараты мен аумағы тексерілді, бірақ күдікті заттар табылған жоқ.