Бірқатар өңір премьер-министр Бектеновтің сынына ұшырады

Бірқатар өңір премьер-министр Бектеновтің сынына ұшырады
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жылыту маусымы басталуына шамамен бір ай қалғанын айтқан премьер-министр солтүстік өңірлерде дайындыққа бөлінген уақыт одан да аз екенін атап өтті. Оның сөзінше, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмау қаупі бар.

"Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында осындай қауіп байқалып отыр. Сонымен қатар, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр қысқа дайындыққа жауапты өңірлік штабтардың жұмысына да сын айтты. Оның сөзінше, кейбір өңірлерде штабтар нақты жұмыстың орнына есеп тыңдаумен ғана шектеліп отыр.

"Жылыту маусымына дайындыққа бұлай салғырт қарауға болмайды. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау қажет", - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов энергия көздерін жөндеу мерзімі созылуына да назар аударды. Ол белгіленген кестеден кешіккен әр жағдай бойынша жауапты тұлғаларға шара қолдануды тапсырды.

Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына дайындық паспорттарын алу жұмысы басталды. Осыған байланысты әкімдерге энергия нысандарының қысқа дайындығын бағалайтын комиссиялардың жұмысына тікелей қатысу тапсырылды.

Премьер-министр энергия көздері, жылу және электр желілерінің жағдайын тұрақты тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысын және қажет материалдар жеткілікті болуын бақылауды міндеттеді. Ол дайындық паспорты алынбай тұрып, жылыту маусымын бастаған басшылар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Олжас Бектенов артта қалған өңірлер анықталған кемшіліктерді тез арада жойып, жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастауға тиіс екенін айтты.