Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшті. Бұл шешім заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Dalanews.kz тілшісіне Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Мирас Дәуленов айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, заң жобалары бойынша негізгі талқылаулар бұрын да Мәжілісте өткен.
«Бір палаталы Парламентке көшу туралы шешім, ең алдымен, заң шығару процесінің тиімділігін арттыру қажеттілігінен туындады. Себебі вице-министр ретінде жұмыс істеген тәжірибеме сүйене отырып айтар болсам, заң жобалары бойынша негізгі пікірталастар Парламенттің төменгі палатасында өтетін. Ал жоғарғы палата заң жобасын кері қайтаруға немесе өз түзетулерін енгізуге құқылы болғанымен, бұл түзетулер көп жағдайда заң жобасының тұжырымдамалық мазмұнын түбегейлі өзгертпейтін. Сенат билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінде маңызды рөл атқарғанымен, бір палаталы Парламент қабылданатын заңдар үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады деп есептеймін. Бұған дейін бұл жауапкершілік Сенатпен бірге бөлінетін», – деді Мирас Дәуленов.
Оның пікірінше, жаңа модель заң шығару жауапкершілігін бір органға шоғырландырады және заң қабылдау процесін жүйелейді.
«Сонымен қатар Сенаттың заң жобаларын жан-жақты талқылауына уақыт жағынан белгілі бір шектеулер болды. Ал Мәжіліс бұл тұрғыда кеңірек мүмкіндіктерге ие еді. Мәселен, Мәжіліс Төрағасының Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру құқығы болды. Сондықтан Мәжіліс заң шығару қызметінің негізгі алаңы әрі басты сүзгісі қызметін атқарды. Жаңа Конституцияда осының бәрін ескере отырып, заңдарды қабылдау мәселесін толықтай бір палаталы Парламент – Құрылтай жүзеге асырады және қабылданған заңдар үшін толық жауапкершілікті өзі көтереді деген шешім қабылданды», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Құрылтайдың құрылуы заң шығару сапасын арттырумен қатар, қабылданған шешімдер үшін саяси әрі құқықтық жауапкершілікті де күшейтеді.