Бір ауылға газ бен су келіп, көрші ауылға бармай қалмасын – Дархан Сатыбалды

Жарбол Кентұлы 20 ақп. 2024 13:32 2009

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту критерийлері жасалды. Ең алдымен мүлдем су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық беріледі. Сонымен бірге су көздерін барлау жұмыстары назарға алынады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін реттеу жөніндегі жиналыста облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Жоспарсыз әзірленген жобалар көп. Бірқатарының жобалық-сметалық құжаттары ескірген. Қаржы көлемі өзгерген. Оларды басынан сараптап, нақты елдің инфрақұрылым мәселесін шешетіндерін жүзеге асыру керек. Қайтадан есептеп шығыңыздар. Ауыз сумен, газбен, электр жарығымен қамтуда сапалы жоспар қажет. Бір ауылға газ немесе су келіп, көрші ауылға бармай тұрмауы тиіс. Жұмысты тыңғылықты жүйелеп, жобалық-сметалық құжатты сапалы дайындағаннан кейін ғана жобаны іске асырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жүргізуге негіз болатын шарттарды айтты.  Ауыз су жүйесіне тоқталсақ, елді мекенде ауыз су жүйесінің болмауы, бекітілген су қорының болуы, объектілердің (жүйелердің) тозуының нақты жоғары дәрежесі (кемінде 50 %), елді мекендегі тұтынушылар саны, ауылдық елді мекендерде су жүйесін салу бойынша халықтың келісу хаттамасының болуы, құрылыс құнының қолданыстағы нормалар мен ережелерге сай болуы назарға алынады.

Ал газ нысанын салар алдында газ тарату станциясының қажетті қуаттылығын анықтау, станцияға қосылатын елді мекендердің, әлеуметтік және өндірістік нысандардың перспективалық өсімін ескере отырып, қажеттілігін есептеу және өзге де түйткілдер зерттеледі. Электрмен қамту кезінде де жобалар әбден зерделеніп, ең өзекті, өткір мәселелер шешіледі. Тұрғындардың талап-тілектері ескеріледі.

Жиында жобалық-сметалық құжаты дұрыс жасалмаған жобалар, сараптамадан өту талаптары сақталмаған нысандар, жүйелі қателіктер де сөз болып, аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаға тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Өңірде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі болса, электр желілерінің ұзындығы 20700 шақырымнан асады. Облыста жаңадан су, газ, электр желілерін тарту және тозған желілерді жөндеу жұмыстары жалғасады. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсарады. Табиғи газ саласында – 237, электр саласында 130 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы 569 жоба іске асырылады деп межеленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x