Құрметті меймандар – Ибн Халдун университеті Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Нежмеддин Біләл Ердоған және Ибн Халдун университетінің ректоры, профессор Атилла Аркан, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, доктор Ирфан Гүндүз, Гейдар Әлиев атындағы Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор Яшар Сары, Ибн Халдун университетінің халықаралық байланыстар бөлімінің директоры Енес Иалман Әл-Фараби кітапханасында болып, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты.
Қос тарап шағын құрамда кездесу өткізіп, ортақ мәселелерді талқылады. Жүздесуде Ибн Халдун университеті Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Нежмеддин Біләл Ердоған QS WUR рейтингінде жоғары жетістікке жеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын құттықтады.
«Әл-Фараби орта ғасырдың аса көрнекті ойшылы ретінде түркі халықтарының рухани мәдениетінде айрықша із қалдырды. Осы орайда, Қазақстанның көшбасшы университеті – ҚазҰУ-дың әл-Фараби есімімен аталуы үлкен мәртебе. Қазақстан – мүмкіндіктер елі.
Президент Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік күн санап дамып келе жатқанын атап өткен болатын.
Екі ел басшыларының ресми кездесу нәтижесінде 15 келісімге қол қойылды. Соның ішінде білім беру саласына ерекше назар аударылған еді. Біз білім және ғылым өкілдері ретінде осы бастамаларға өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бүгінгі кездесуден соң Ибн Халдун мен ҚазҰУ арасында оқытушылар мен студент алмасу бойынша бірқатар бағдарламалар іске асырылатынын атап өткім келеді. Алдағы уақытта қос университет арасындағы ортақ инновациялық жобалар сәтті жүзеге асады деген үміттемін», – деді Нежмеддин Біләл Ердоған.
Сонымен қатар кездесуде сөз сөйлеген Ибн Халдун университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Ирфан Гүндүз ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсаттарына тоқталды. Бүгінде білім ордасы әлемнің 500-ден астам университетімен, соның ішінде Түркияның 21 жоғары оқу орнымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі уақытта оқу ордасында Түркия Республикасынан келген 32 студент білім алуда. Өзара тәжірибе алмасу мақсатында ҚазҰУ-да Түркияның түрлі университеттерінен 49 профессор дәріс оқыды, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік етті.
«Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында біз ҚазҰУ-дың Ыстамбұл және Бішкек қалаларында филиалын аштық. Мұндай ынтымақтастық нәтижелері ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыруға нақты үлес қосады деп ойлаймыз. Алдағы жұмыстар білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылым үлесін арттыруға бағытталатын болады», – деді университет басшысы.
Бұл кездесу екіжақты қарым-қатынасты дамыту аясында академиялық ұтқырлық, оқытушылар мен студенттер алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер шеңберіндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті.
Шара соңында Ибн Халдун университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті академиялық және білім беру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі