Бейсенбай Тәжібаев: «Елбасының Түркістанды түлетудегі еңбегі тарихта қалады»

Dalanews 29 қар. 2019 14:53 855

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай маңызды іс-шара өтті.

Салтанатты жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев көпшілікті мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзінде ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамыту жолындағы еңбектеріне  тоқталды.

– ҚР Тұңғыш Президенті күнінің тұтас еліміз үшін мәні бар деп есептеймін. Себебі, мемлекетіміздің дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Мен Елбасының шекараны толық шегендеу, елорданы салу, ядролық қарудан бас тарту, қазақ тілінің мәртебесін көтеру және Түркістан облысын құру туралы 5 еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Елбасымыздың Түркістанды дамыту, түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытындағы бастамасы тарихта қалатыныны анық. Жуырда партия төрағасы, Елбасы партияны жаңғырту, елге адал қызмет ету, өзекті мәселелерді шешуге атсалысу жөнінде тапсырма берді.  Ол үшін партия мүшелері шынайы жанашырлықпен жұмыс істеуі керектігін айтты.


Осыған байланысты жігерлі, жалынды, отаншыл азаматтарды қабылдауға басымдық беріледі. Биыл партиямен байланысын үзген 3 мыңнан астам адам партия қатарынан шығарылып, 2407 адам жаңадан қабылданды. Бүгін қатарымызға қосылған әріптестеріміз елдік мәселеде бізбен бірге жемісті жұмыс істейді деп сенемін, – деген Б.Тәжібаев партия қатарына жаңадан қабылданған 20-ға жуық азаматқа партия билеттерін тапсырды.

Олардың арасында көпбалалы аналар, жастар, танымал журналистер, ҮЕҰ мүшелері, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер және өзге де саланың өкілдері бар. Түркістанның дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдері, танымал адамдар да партбилетке ие болды. Мәселен, даңқты көкпаршы, аударыспақ спортының шебері, білікті бапкер Жанысбек Саев та ресми түрде партияға қабылданып, билетін алды.

Бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері, ұлттық құрама боксшысы Сәкен Бибосынов та биыл «Nur Otan» партиясының сапына қосылды. Оқу-жаттығу жиынында жүрген өренге партия билеті арнай ытапсырылатын болады.

Сондай-ақ осы күні облыс көлемінде жаңадан ашылған 10 бастауыш партия ұйымы жетекшілеріне де куәліктер тапсырылды. Атап айтсақ, Түркістан қаласынан 5, Сарыағаш ауданынан 2 және Жетісай, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан да бастауыш партия ұйымдары ашылды.

Мерекелік жиында партияның танымал «Менің туым, менің Отаным!» акциясы аясында "Open Space" форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне Мемлекеттік Туды ілу рәсімі өтті. Жиынға қатысушылар ел мүддесі жолында адал әрі сапалы қызмет ететіндерін айтып, Түркістанның, Қазақстанның жарқын болашағына сеніммен қарайтындарын жеткізді.

Бүгінде облыста «Nur Otan» партиясының 88 мың мүше мен 263 бастауыш партия ұйымы бар. Мереке қарсаңында 1 мыңнан астам адам партия қатарына қабылданды. Өңірде жаңа көшбасшыларды табу, партияның жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар