Бейбіт күннің батырлары немесе тасадағы ерліктер

Dalanews 09 қар. 2023 05:48 1675

Өрт сөндірушілер құтқарылған әрбір адамның үлкен қуаныш екенін айтады. Ал ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Күн сайын олар табиғи апаттан немесе қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан туған тілсіз жаумен бетпе-бет кездеседі. Кез келген сәтте пайда болуы мүмкін өртті тоқтату, оның құрсауынан адамдарды аман-есен алып шығу оңай шаруа емес. Сондықтан өрт сөндіру саласында қызмет етуге батылы баратындар аз, сирек.

 

Жалынға оранған пәтерден балаларды аман алып шықты

Сондай ірі жүректі азаматтардың бірі – Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, сержант Нұрсұлтан Баймұхамбетов. Ол 2019 жылдан бастап өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Оны өз міндетін абыроймен атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарайтын үздік мамандардың бірі деп атауға да әбден болады.

«2020 жылдың 14 маусымында сағат 23:50-де біздің бөлімшеге «Болашақ» шағын ауданындағы пәтерде өрт шығып жатқаны туралы хабарлама түсті. Нұрсұлтан Баймұхамбетов бірден бірінші жасақпен 5-қабаттағы пәтер өртеніп жатқан аумаққа барды. Осы кезде өрт сөндірушілер бірден нақты әрі уақытылы тапсырманы орындауға кірісіп, қызыл жалыннан екі адамды құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына тапсырды.

2021 жылдың 14 қаңтарында бізге «Мүшелтой» шағын ауданындағы тұрғын үйдің 4-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы қоңырау түсті. Ол кезде де Нұрсұлтан Баймұхамбетов оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, дереу құтқару және өрт сөндіру жұмыстарына кірісіп кетті.

Бұл кезде пәтерде кәмелетке толмаған балалар болған. Баймұхамбетов мұны білген бойда тәуекелге бел буып, пәтерге бірінші болып кіреді. Оның батыл әрекетінің арқасында балалар дін аман қалып, оларға медициналық көмек көрсетілді», - дейді өрт сөндіру бөлімінің бастығы Шоқан Нұртазин.


2021 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен белсенді қызметі және авариялық-құтқару жұмыстарына белсене қатысқаны үшін Нұрсұлтан Баймұхамбетов «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2022 жылы Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2022» жастар сыйлығының «Үздік жас қаһарман» аталымының лауреаты атанды.

Мұндай қызмет қаншалықты қауіпті болса, қоғам үшін соғұрлым пайдалы және құнды. Өміріне қауіп төніп, өзгенің өмірін сақтап қалғандар қызыл жалын құтырған сайын ерлік жасайды.

 

Жасынан өрт сөндіруші болуды армандаған

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау кіші сержанты Ерлан Арынов та күн сайын өз өміріне төнген қауіппен бетпе-бет келеді. Көптеген ірі жалындарды ауыздықтау кезінде алдыңғы шепте жүріп, өзінің батылдығын бірнеше рет дәлелдеген.

«Жұмыс барысында 2021 жылы монша кешенінде болған үлкен өрт оқиғасы есімнен кетпейді. Өрт орнына бірінші болып бір жасақ жетті. Өртеніп жатқан ғимаратта адамдар бар екенін біліп, газ-түтіннен қорғау қызметінің құрамында бес адамды эвакуациялап үлгердік. Басқа өрт сөндіру бөлімшелері келе салып, өртті сөндіруге кірісті. Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, өйткені мен адамдарға көмектескенді және мемлекетіме пайдамның тигенін жақсы көремін. Өрт сөндіру қызметінің мамандары үшін әрбір құтқарылған адам үлкен қуаныш әкеледі», - дейді Ерлан Арынов.

Ерлан бұл салада төрт жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызмет ету мерзімі қысқа болса да, бүгінде жауапты да ержүрек мамандардың бірі. Ол батылдығымен және қайсарлығымен ерекшеленеді.

– Бізде өте тату ұжым бар және жігіттер бір-біріне қызметте ғана емес, одан тыс уақытта да көмектесуге әзір. Мен мұны мақтаныш тұтатымн. Жалпы жұмысқа келсек, қызмет көрсету біздің тікелей жұмысымыз, әркім өз орнында болуы тиіс. Біз әрқашан сақадай саймыз және кез келген уақытта ешбір әсірелеусіз көмек көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті ол.


Ерланның жұмысқа деген ынтасын оятатыны – табандылық танытып, қиыншылыққа тап болған адамдарға көмектесу мүмкіндігі. Өрт сөндіруші болу оңай жұмыс емес екенін жақсы біледі. Төзім мен сабырға ерік беру қажет, кәсіби және дене дайындығы жоғары болуы тиіс. Мұндай үдеден барлығы бірдей шыға бермейді. Ерлан өмір бойы спортпен айналысқан, сондықтан ол өрт сөндіруші болатынына сенімді болды, өйткені спортшыға да осындай талаптар қойылады.

«Мен кәсіби түрде дамығым келеді. Қазір мен көп жұмыс істеп, бір орында тұрып қалмауға тырысамын және жасөспірім кезімде өмірімді байланыстыруды ұйғарған мамандығым бойынша үнемі ізденіс үстіндемін», - дейді өрт сөндіруші-құтқарушы.

 

Құтқарушы болып жүргеніне жиырма жылға жуықтады

Тағы бір кейіпкеріміз – Саят Рустамбеков азаматтық қорғау органдарында 2004 жылдың тамыз айынан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Жедел-құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы.

Саят Рустамбеков қызметке кіріскен алғашқы күннен-ақ ұжым өміріне белсене араласып, кәсіби шеберлігін күнде шыңдап келеді. 20 жыл бойы еңбек етіп, талай адамның өмірін сақтап қалды, көптеген су астындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысты.

«Сүңгуір әр секунд сайын өмірін қатерге тігіп, қиын жағдайда жұмыс істейді. Бастапқыда сүңгуір мұз астына түскенде, мұны өзінің өмірі екенін түсінеді. Қандай да бір алаңдаушылық сезімінің болатынын да жасыра алмаймын. Табиғи емес жағдайдағы тыныс алу әрі сол жабдыққа деген сенімсіздік бәрібір ойды сан-саққа жүгіртеді. Ал мұндай сезімді жеңу үшін темірдей ұстамдылық қажет, әрине, өз ісіңізге деген үлкен сүйіспеншіліктің де болуы аса маңызды. Әйтпесе, сүңгуір болып ұзақ уақыт еңбек ете алмайсыз. Ал менің осы салада жүргеніме жиырма жылға жуықтап қалды», - деді ол.


Саят көптеген адамдардың өмірін сақтап қалған. Мәселен, өткен жылдың 31 мамырында құтқарушылар Талас өзеніне 10 жасар баланың батып бара жатқанын байқап қалады. Қатты ағысқа қарамастан Саят Рустамбеков пен әріптесі еш ойланбастан, бір минутты босқа өткізбей, суға қойып кетті. Әзер дегенде, олар баланы аман алып қалды. Құтқарушылар алдын алу жұмыстарын жүргізбегенде, оның тағдыры не боларын елестету тіпті қиын еді.

Таңдаған мамандығына сай болу үшін, өзінің әзірлік қалпын сақтап қалу үшін құтқарушылар көп жаттығады. Бөлімшелерде өрт сөндіру кезінде туындауы мүмкін жағдайларды пысықтауға арналған бөлмелер жабдықталған. Сондай-ақ, бұл мамандықтағы азаматтар көп жылғы тәжірибесіне, біліктілігіне қарамастан, олар өз жұмыстарында көп уақыт өткізеді, өрт сөндірудің қыр-сырымен танысады, нақты мысалдар мен оқиғаларды пайдалана отырып, өрт элементімен күресудегі күрделі жағдайларды талдайды, талқылайды.

Біз елімізде осындай батырлар көп болғанын қалаймыз, ең бастысы, осындай кәсіпқойлар қызметке келгенде балаларымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз.

Асхат Қойшығараұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар