Атырау қаласындағы "Көктем" шағын ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері құрылысы аяқталмаған мектептің мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, білім ордасының құрылысы басталғанына төрт-бес жыл болғанымен, нысан әлі пайдалануға берілмеген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін қалалық құрылыс басқармасы мектепті былтыр желтоқсан айында ашуға уәде берген. Алайда құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмаған.
"Мектеп биылғы жаңа оқу жылында да ашылмайтын болды. Мектептің салынып жатқанына бесінші жыл болды. Бірақ әлі құрылысы аяқталған жоқ", - дейді тұрғындардың бірі.
Жергілікті халық құрылыс жұмыстарының неліктен ұзаққа созылғанын түсіндіруді және мектептің нақты қашан пайдалануға берілетінін хабарлауды талап етті.