Freedom Inside '26

"Бес түн қыдырдық": Әлия Назарбаеваның бетін әрлеген визажист ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

"Бес түн қыдырдық": Әлия Назарбаеваның бетін әрлеген визажист ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Белгілі визажист Роберт Минасян Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен жұмыс істеген кезеңін еске алды. Бұл туралы ол журналист әрі блогер, "Дом-2" жобасының бұрынғы қатысушысы Рустам Солнцевтің блогында айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Минасянның сөзінше, шамамен 20 жыл бұрын оны арнайы Алматыға шақырған. Айтуынша, сол кезде оған экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваға макияж жасау ұсынылған.

Визажист бұл сапардың бір күндік жұмыс ретінде ғана шектелмегенін жеткізді.

"Мені арнайы алдыртып, бес түнге қалдырды", – деді ол.

Минасян сол күндері Назарбаевтар әулетінің жақын ортасында болғанын айтып, уақыттың түрлі кештер мен басқосуларда өткенін еске алды.

"Бес түн қатарынан өте қызу қыдырдық", – деді визажист.

Сондай-ақ ол дәл осы сапар кезінде алғаш рет Birkin сөмкесін көргенін айтты. Минасян сол кезеңдегі сән-салтанат пен байлықтың ауқымы өзіне ерекше әсер еткенін жасырмады.

Визажист атқарған жұмысы үшін қомақты сыйақы алғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, Әлия Назарбаева бір макияж үшін “ондық” төлеген. Алайда ол бұл соманың нақты қай валютада берілгенін айтпады.

Айта кетейік, Роберт Минасян 1990-жылдардан бері гример әрі визажист ретінде жұмыс істеп келеді. Ол кәсіби жолында бірнеше елде еңбек еткен. Қазір Калифорнияда тұрады. Оның қызметін АҚШ, Ресей, Армения және Германиядағы шоу-бизнес өкілдері пайдаланған.