Бес өңірде су пайдалануға лимит бекітілді

Бес өңірде су пайдалануға лимит бекітілді
Pixabay

Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдері ОКҚ алаңында вегетация кезеңінің өту барысы және шаруаларды сумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Вегетация кезеңі тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін суару маусымына дайындық былтыр жыл соңында басталған. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдарының қатысуымен бірқатар кеңес өткізіліп, қажет шаралар айқындалған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған ылғалсүйгіш дақылдардың, оның ішінде күріштің егіс алқаптарын қысқартуды көздейтін жол картасын бекіткен.

"Жол картасында айқындалған егіс алқаптарының құрылымы мен маусым басындағы су шаруашылығы жағдайына сәйкес оңтүстіктегі бес өңірде су пайдалану лимиті бекітілді. Қызылорда облысына 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр, Алматы облысына 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысына 900 млн текше метр су лимиті белгіленді", - деді су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов баспасөз конференциясында.