Белгілі саяхатшы Нодар Беридзе Өскеменге келді

Dalanews 12 мау. 2017 08:27 762

600 күнде 40 мың шақырымды жүріп өтуді көздеген белгілі грузиялық саяхатшы Нодар Беридзе бүгін Өскемен қаласына келді. Осыған дейін Ресейдің бірқатар қалаларын басып өткен Нодар енді Астанаға жол тартпақ.

Саяхатшының айтуынша, ол бұл саяхаты арқылы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, халықты достастыққа, ауызбіршілікке шақырмақ.

–  Қазақстанға екінші рет келіп отырмын. Табиғаты әдемі, халқы қонақжай мемлекет. Өкінішке орай Астана қаласында өтіп жатқан «ЕХРО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына үлгермейі қалдым. Бірақ Астана қаласына бара салысымен, көрмені аралап қайтуды жоспарлап отырмын, – деді Нодар Беридзе.

Өткен жылы 17 қазан күні Владивосток қаласынан шыққан саяхатшы бірқатар қалаларды басып өтіп, Астанаға жол тартты. Ары қарай Омбы қаласы арқылы Лиссабон, Түркия асып, 2018 жылы 26 мамыр күні Тбилисиге жетуді көздеп отыр. Бұл күні Грузия астанасының 100 жылдық мерейтойы атап өтілмек.

Айта кетсек, Нодар Беридзе кәсіпқой спортшы емес. Тек еркін күреспен шұғылданған. Өзі айтып өткендей, бұл саяхаты арқылы рекорд орнатуды емес, халықты достастыққа шақыруды көздеп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар