Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Жиында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Үкіметтің жаңа мүшесі, төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берді.
Отырыста Олжас Бектенов жаңа Конституцияның күшіне енуі ел үшін маңызды тарихи кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет – саяси өзгерістермен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету.
«Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз», – деді Премьер-министр.
Бектенов Үкімет мүшелеріне барлық бағыт бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде орындауды тапсырды. Ол «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттары Үкімет жұмысында басты орында тұруы керектігін айтты.
Премьер-министр Үкімет жұмысы жаңа кезеңнің талаптарына сәйкес жедел әрі нәтижелі жүруі қажет екенін атап өтті.
«Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек», – деді Олжас Бектенов.
Осылайша, жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында жаңа Конституция жағдайындағы мемлекеттік басқарудың басымдықтары мен Үкімет алдында тұрған міндеттер айқындалды.