Бектенов Тоқаевқа әлеуметтік саладағы қаржы жымқыру фактілері туралы баяндады

Қаракөз Амантай 10 ақп. 2026 11:57

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және жымқыру деректері жөнінде баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап келеді. Алайда әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың шашыраңқылығы және бақылаудың жеткіліксіздігі шығындардың негізсіз өсуіне әкелген. Соның салдарынан қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, тіпті кей жағдайларда тікелей жымқыру фактілері орын алған.

Оның мәліметінше, соңғы екі жылда ғана шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген. Премьер әлеуметтік сала түбегейлі реформаны қажет ететінін атап өтті.

Үкімет бұл бағытта бірқатар жүйелі шараларды қолға алған. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің бытыраңқы түрлері біріктіріліп, бірыңғай жүйеге келтірілуде. Білім беру саласында қызмет көрсету үдерістері толық цифрландырылып, білім нысандарын салудан бастап жан басына қаржыландыруға дейінгі тізбек қамтылуда. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктіріліп, қайта форматталуда.

Бектенов көші-қон заңнамасының кемшіліктері мен кейбір иммигранттарды әлеуметтік қолдау тетіктерінің әлсіздігі масылдық көңіл-күйдің қалыптасуына әсер еткенін де атап өтті. Осы жылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары тек еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған азаматтарға селективті түрде ұсыныла бастады.

Үкімет білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларын кешенді жаңғырту арқылы мемлекеттік бюджеттен жыл сайын бөлінетін шамамен 18 трлн теңгенің тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Премьердің сөзінше, Үкіметтің басты қағидаты – «көмек тек шын мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс».


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove