Бектенов шығындарға қатаң бақылау жасауды талап етті

Көркем Алдабергенова 26 там. 2025 11:26

 
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов шығыстарға қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттер жаңа Бюджет және Салық кодекстерін ескере отырып қалыптастырылды. Барлық мемлекеттік органдарға елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді тапсырамын. Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақытылы пайдалану, сондай-ақ шығыстарға қатаң бақылау жасау маңызды», – деп атап өтті Бектенов сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында.
Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобаларын 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізу міндеті қойылды.
 
Премьер-министрдің айтуынша, президент бюджет теңгерімділігін, қаржыны республикалық және жергілікті деңгейде сапалы жоспарлау мен бөлуді қамтамасыз етуді тапсырған.
 
«Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі мен 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары бюджеттік параметрлерге сәйкес қалыптастырылды және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етудің ең оңтайлы нұсқасы болып табылады. Бюджет теңгерімді, мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамаларын қамтиды. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің базалық инфрақұрылымға қолжетімділігін тең дәрежеде қамтамасыз етеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік бағыттылығын сақтап отыр. Сонымен қатар, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған шығыстар көлемі де ұлғайтылды», – деді Бектенов.
Премьер-министр жаңа үшжылдық бюджет жобасының әлеуметтік бағыттылығына және экономикалық өсімді ынталандыруға жұмсалатын шығыстар үлесінің артуына тоқталды.
 
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік бағыттылығын сақтап отыр. Сонымен бірге, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған шығыстар көбейді. Биылғы жылмен салыстырғанда олардың үлесі жалпы шығыстардың шамамен 11%-ынан (10,9%) 16%-ына (16,1%) дейін өседі. Бұған ел бойынша инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті қолдау мен ынталандыру шаралары кіреді. Бұл шығыстар өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етеді», – деп баса айтты Олжас Бектенов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар