Қазақстанда жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды, алайда Семей қаласында жылу желілерінің уақытында дайын болмауына байланысты жауапты әкім орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселе Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырғанын айтты. Оның мәліметінше, бір өңірден басқа барлық аймақ тапсырманы белгіленген мерзімде орындаған.
«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі», – деді Олжас Бектенов.
Семей қаласында жылу желілері уақытында дайын болмаған. Осыған байланысты Премьер-министр Абай облысы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Қазір жылу 11 өңірде беріле бастады. Алматы, Шымкент қалалары мен Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу жүйесіне қосу жұмыстары қазан айының соңына дейін кестеге және ауа райына сәйкес жүргізіледі.
Премьер-министр өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі штабтардың жұмысын қайта жандандырып, жылу көздері мен желілердің жағдайын тұрақты бақылауды тапсырды.
Сонымен қатар отынның нормативтік қорын және қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету, халыққа қажетті көмір бағасын бақылауда ұстау және отын тапшылығына жол бермеу міндеттелді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев барлық жылу көздерінде отын қоры жасақталғанын, ал жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталып жатқанын баяндады.