Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда BYD электромобильлерін шығару жобасын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселе Үкімет отырысында автомобиль өнеркәсібін дамыту тақырыбы талқыланған кезде көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.
Үкімет басшысы әлемдегі жетекші электромобиль өндірушілерімен ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтіп, Қазақстанда BYD зауытын ашуға Үкімет мүдделі екенін айтты.
«Біз Қазақстанда BYD электромобильдерін шығаратын зауыттың ашылуына мүдделіміз. Үкіметтен қажетті қолдау көрсетіледі, осы жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді сұраймын», – деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов биыл BYD автобустарын шығару мәселесі пысықталып жатқанын, ал келесі жылы компания жеңіл автокөліктер өндірісін игеруді жоспарлап отырғанын айтты.
«BYD – гибридті және толық электрлі көліктер шығаратын бірегей компания. Компаниямыз тұтынушылар мен экономика сұранысына сай болу үшін BYD автокөліктерін өндіруді игеруі қажет», – деді Нұрлан Смағұлов.
Үкіметтің мәліметінше, бүгінде BYD Қазақстандағы жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер нарығында көш бастап тұр. Биылғы алғашқы алты айда брендтің 2 мыңнан астам көлігі, оның ішінде 795 электромобиль сатылған.
Дистрибьютордың жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін сатылым көлемі 6,5 мың көлікке, ал 2027 жылы 12 мың автомобильге дейін жеткізілмек.