Олжас Бектенов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету, орта бизнестің ЖІӨ-ге салымын ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Мемлекеттің экономикаға қатысуын тек әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық секторлармен шектеу жоспарланып отыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров бәсекелестіктің дамуын тежейтін кедергілерді жою бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады.
"Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттің қатысуымен жекешелендірілетін, біріктірілетін немесе таратылатын 475 кәсіпкерлік субъект тізімі бекітілді. Жұмыс 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылады, бұл ретте кәсіпорындардың жартысынан көбі 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген", - деп жазылған хабарламада.
Премьер-министр жарлық белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы керек екенін баса айтты.