Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін байланыссыз кеткен үш адам аман-есен табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін олардың қасиетті орынға барған соң жақындарымен байланысқа шықпай қалғаны хабарланған еді. Соңғы рет олар 2 шілде күні Бекет ата аумағынан видео жіберген.
Туыстарының айтуынша, Қыдырша ата маңында олардың көлігі батпаққа батып қалған. Сол себепті олар Бейнеуге жету үшін шамамен 35 шақырым жаяу жүруге мәжбүр болған. Бақытымызға қарай, үшеуі де дін аман.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жоғалған азаматтар ауқымды іздестіру операциясы кезінде табылды. Көлік Қыдырша ата шатқалынан шамамен 35 шақырым жердегі жетуі қиын аумақтан анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, батпаққа батып қалған көліктегі адамдар жолын өздігінен жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған.
Жоғалғандарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тапты.
Қазір азаматтар медициналық тексеруден өту үшін Ақжігіт ауылына жеткізіліп жатыр.
Полиция іздеу жұмыстарының сәтті аяқталуына полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері және өзге де жұмылдырылған қызметтердің бірлескен жұмысы ықпал еткенін атап өтті.
Еске салайық, іздеу операциясына полицейлер, құтқарушылар, «Охотзоопром» мамандары, тікұшақтар мен арнайы техника тартылған. Сондай-ақ еріктілер өңір тұрғындарын іздестіруге көмектесуге, қажет болса дрон пайдалануға шақырған еді.