Басқосуда сауда, ауыл шаруашылығы, ветеринария, фитосанитарлық және трансшекаралық өзендерінен су бөлу мәселелері бойынша түрлі мәселелер күн тәртібіне көтеріліп, жан-жақты сараланды. Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екі жақты экономикалық қарым-қатынасты әрі қарай дамыту бойынша сөз сөйледі.
– Көршілес елдердің арасындағы қарым-қатынас – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде көрші бауырлармен түйіні тарқатылмаған ортақ мәселені бірлесіп шешкен маңызды. Бүгінгі жиында да көтерілетін мәселелер екіжақты бірлесіп шешуді қажет етеді деп ойлаймын. Былтырғы жылы ауа-райының қолайлы, жауынның мол болуына және диқандардың уақтылы өнімдерді суаруына байланысты, облысымыздың агроқұрылымдары жоғары өнім алды. Бұл жерде қырғыз әріптестерімізге трансшекаралық өзендер арқылы уақтылы және керекті көлемде су беруді ұйымдастырғандарыңызға рахмет айтқым келеді. Кейбір шаруашылықтар суармалы жерлерінен дәнді дақылдарды гектарынан 55 центнерге дейін өнім алды.
Негізі суару маусымында облысымызға 2,8-3,0 млрд. текше метр су қажет. Оның 80 пайзы көршілес Қырғыз Респуликасында қалыптасады. Сондықтан, 2017 жылдың суару маусымын да, былтырғы жылы сияқты, қолайлы жағдайда өткізу және 173 мың гектар суармалы алқаптарды сумен қамту шараларын екіара бірлесіп, ұйымдастыруға толық мүмкіншілігіміз бар деп есептеймін,
– деген облыс әкімі Қырғыз ағайындармен екі жақты экономикалық қарым қатынасты дамыту бойынша өз ұсыныстарын да жеткізді.
Жиын соңында екі жақты достық қарым-қатынастарды бекіту, сауда-экономикалық ынтымақтастық іс-шараларды іске асыру жөнінде бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Өздеріңізге мәлім, 2016 жылы Жамбыл облысы әкімдігі және Қырғыз Республикасының тиісті облыстарымен сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, ветеринария және трансшекаралық өзендерінен су бөлу мәселелері бойынша меморандумдар қабылданып, іске асыру жұмыстары жүргізілген болатын. Үстіміздегі жылдың наурыз айында облыс орталығы Таразда Қырғыз Республикасы Талас облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, мәдени іс шаралар өткізілді. Осы бағытта жұмыстар әлі де жалғасатын болады.
Дәулет Төлендіұлы
Жамбыл облысы