ШЕН. АТАҚ. НАГРАДА... «ОЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ КЕЛДІ...»
– Намыс, ар-ұят туралы айтқанда, Сіздің жігер жаныған жалынды сөздеріңіз еске түседі. Сіздің түйсігіңіздегі намыс деген не?
– Намыс – азаматтың алтын туы.
– Ал осы намыстың өлшемі қайсы? Сипаты неде?
– Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді.
– Сіздің өмірлік ұраныңыз қандай болды?
– Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», – деген мақалы болды. Ел намысы ер намысы деп білдім.
– Ал арманыңыз ше?
– Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу болды.
– Атаққа қызыққан сәтіңіз болды ма?
– Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың өздері келді... Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін. Осы атағым да жетеді. Мен награда қуғамын жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Мен награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым.
– Адам қандай сипатымен сыйлы болмақ?
– Адам қанша көкке көтерілгенімен топ етіп төменнен бір-ақ шығады. Өйткені, әркім жеткен жеріне дейін барады, жығылған жерінде қалады. Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың.
– Қандай адамды ардақтайсыз? Нені ұнатпайсыз?
– Ардақты ананы қадірлеймін. Ары бар азаматты ардақтаймын. Талабы бар жасты құрметтеймін. Маңғазсынған ағаны ұнатпаймын. «Бауке, мына сөзіңіз құдайский, сіз данышпансыз» деп көзге мақтап көлгірситін ініні жек көремін. Шын дос сыртыңнан мақтайды. Сайқал ғана бетіңе қарап қылмыңдайды. Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді.
– Сізді біреулер мақтаған кезде немесе сынаған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасқамын жоқ, жамандады деп жасығамын жоқ. Қара қылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.
– Нені жақсы көресіз?
– Қазақтың қонақжайлығын жақсы көремін. Қазақтың досқа деген мейірбандығын ұнатамын. Қазақтың қас-жауға қаһармандығын қадірлеймін. Мұнда Отанды қорғаудың қасиетті сезімі сақталған. Үлкенге жол беріп, құрмет көрсететін, сол сияқты кішіге көмектесіп, ізет істейтін сыпайылығын сүйемін. Жастардың ата-аналары алдындағы перзенттік борышқа адалдығын ардақтаймын. Бұл – адамгершілік негізі. Жас семьядағы жарастықты жаным сүйеді. Бұл – семья – мемлекеттің қауіпсіздігінің негізі. Кәрі-жасының ерінбейтін еңбекшілдігін жаратамын. Бұл – жан-жақты өркендетудің сипаты. Әке мен баланың, ағайын арасының ұйымшылдығын ұнатамын. Бұл – мемлекеттік бірліктің басы. Тағысын тағылар...
«Қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқарады!»
– Өмірбаяныңыз туралы жазылған деректерге қарасақ, көп бастықтармен сыйыспай, қызметпен қош айтысып, кетіп қала беріпсіз? Неге?
– Мемлекет мүддесін жүзеге асыруда принципсіздік көрсететін, қарамағындағы адамдардың дұрыс ісін қорғай алмайтын бастықтың қарауында жұмыс істегенше қаңғып кетуді артық көремін.
– Сонда бастық қандай болу керек? Басшының бойынан қандай сипатты көргіңіз келеді?
– Жақсы бастық – жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені, ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді. Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ал менің қолымнан келетіні ұқыптылық, ыждағаттылық қана. Тапсырылған істі тапжылтпай орындау ғана. Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі деп түйдім сонда.
Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені, олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі.
– Сіз соғыста өз жауынгерлеріңізге бұйрық бергенде қандай әдісті қолдандыңыз?
– Командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені, жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек.
– Адам жігерін жану жауынгерді қаншалықты батыр етеді?
– Атақты Холм жорығында, бір деревняда алдынан танк шыға келгенде тайсақтап кейін шегінген жауынгерге: «Анаңнан ұл боп туғаның рас болса, ана танкті құртқын!» деп бұйрық бергенім есімде. Содан кейін ол жігіт қайта ілгері ұмтылып, танкті құртты.
Мінеки, сөз шындығының күші деген осы. Мен оның анасын айтқанда алғашында қаймығып қалған жауынгер жігерленіп кетті. Сөйтті де танкті құртты. Бұйрығыңды айтып, оның үстіне жаңағыдай жанды жанитын жігерлі сөздерді қоссаң, жауынгерге сол жетеді.
Бұйрықты орындауға кетіп бара жатқан ол сенің қайратты сөзің есіне түскенде, күліп те алады. Ал күлкі кісіге қайрат береді. Жауға қарсы жылап жылжыған солдат жыраққа жете алмайды. Күліп ілгерілеген солдат қана игілікті іс тындырады. «Күліп» дегеннің солдаттың жынданған кісіше өз-өзінен қарқылдап күлуі емес, бұйрықты орындауға іштей жігерленіп, қайраттанып баруы деген сөз екені түсінікті ғой саған?
– Түсінікті! Ендеше, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның сарбазына қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Офицер психолог, адам жанын сезгіш болуы қажет. Идеялық жағынан суаатты, жан-жақты білімді болу – әрине, оның өз борышы. Шен алу мен шекпен жаңарту жағын ең алдымен ойламай, өзінің әскери және саяси салада өсуі үшін күш салуы керек. Ал шен мен лауазым офицердің жеке іскерлігіне берілген әділ баға есебінде өзінен-өзі келеді.
Өзінің қолындағы техниканы, дастарқан үстіндегі қасықты жұмсағанындай, жақсы игеріп, жұмсай алатын саналы, намыскер, инициативты, белсенді жауынгер – міне, нағыз жауынгер тұлғасы осы.
– Сіз өз бойыңыздағы тағы қандай мінезді, нендей жақсы сипатты мақтаныш етесіз?
– Мінез деген басы қатты жүйрік қой, қарағым. Әр адамның мінезі – астындағы тұлпары. Соның ағынымен адамдар өмірден зымырап өтіп жатады ғой, әйтеуір.
Еркекті бұзатын екі құмарлық – арақ пен әйел болса, жас кезімде осы екеуінен де аулақ болғанымды мақтанышпен айта аламын.
– Бір сөзіңізде ерлік есептің ырқына көнбейтінін айтыпсыз? Мұның сыры неде?
– «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық – есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы.
Ерліктің негізі сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай ерлік жасаған мен емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің ешқандай есепке көнбейтіні де сондықтан!
ӨЗ ПӘТЕРІН КЕЙУАНАҒА БЕРГЕН...
Бауыржан Момышұлына: «Кімді қадірлейсіз?» – деген сауал қойылғанда: «Ардақты ананы қадірлеймін», – деп жауап бергені бар. Батыр Бауыржан атамыз бұл сөзін ісімен де дәлелдеген біз біліп-білмейтін ғибратты оқиғалар көп. Соның бірі – өзіне алған пәтерді кейуанаға бергені туралы оқиға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» (қараңыз: 32,33-беттер) баяндалған. Оқып көрелік:
«Бауыржан бұрын Дзержинский көшесінде, шағындау пәтерде тұрса керек. Қалалық советтен кеңірек пәтер сұрайды. Бір күні оған қалалық советтің қызметкері телефон соғып, сіздің өтінішіңіз орындалды, келіп кең пәтердің ордерін алыңыз дейді. Пәтерімді көрейін деп жаңа үйге барса, есік алдында мұңайып тұрған қартаң орыс әйеліне кездеседі.
– Неге мұңайып тұрсыз, шешей? – дейді ойында ештеңе жоқ Бауыржан әйелдің қасына тоқтап.
Әйел қалалық советтің осыдан екі бөлмелі пәтер бермек боп уәде етіп келгенін, бірақ дәл ордер берерде ол уәделерінен тайып қалғандығын айтады.
– Маған деген үйді бір үш бөлмелік пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қайтейін, менің де балам соғыста өліп еді. Әрине, ол солдат еді, – дейді.
Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп, электр сымының біріне бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр ете қалады.
Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз – пәтеріңіз өзіңізге тиеді, – дейді де Бауыржан мініп келген машинасына отырып алып, қайтадан қалалық советке тартады.
– Мен маған біреуге берілген пәтерлерді бер деген жоқпын, – дейді ол бағана қолына ордер ұстатқан қызметкерге келіп. – Мына ордерді жыртыңыз да, пәтерде бұрын уәде етілген адамдарға беріңіз!
Осылай деп ол қолындағы ордерді қайтарып береді. Қалалық совет қызметкері қалбалақтап:
– Ол адамдарға пәтер кейінірек беруге ұйғарылған еді. Сіз пәтер сұраған соң сол екеуін қосып, сізге қамқорлық жасайық деген едік...
– Молчать! – дейді Бауыржан көзі ежірейіп, мұрты одан сайын тікірейе түсіп. – Маған мұндай қамқорлықтың керегі жоқ. Жиырма минуттан кейін маған телефон соғып, бұл пәтердің бұрынғы иелеріне берілгендігін хабарлаңыз. Понятно вам?!
– Түсінікті, түсінікті, жолдас Момышұлы. Тек сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз түсініксіз.
– Ол солдаттың анасы ғой!.. Енді ұғынықты ма сізге?
Қызметкер басын изейді. Расында да ол бірсыпыра уақыттан кейін Бауыржанның үйіне телефон соғып, жаңа пәтердің бұрынғы иелеріне ордер жазылып бергенін хабарлайды.
– Ордер алғанда олардың қуанышында шек болған жоқ, – дейді қызметкер. – Әсіресе қарт ана қатты қуанды. Сіздің Бауыржан Момышұлы екеніңізді білгенде... ол жылап жіберді...» деді.
Содан бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бауыржанға Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген екен...»
Алла Тағала өзгеге мейірім көрсеткен пендесін Өз мейіріміне бөлейді дегені осы.
ЖАУДЫ ҚОНАҚ ЕТКЕН...
– Кімге қарыздарсыз?
– Қазір көшеде жұпыны киінген мүгедек жанды, балдаққа сүйенген ақсақал азаматты немесе білегіне қара протез жалғаған шолақ қол адамды көрсем, соларға қаншама қарыздар екенімді ойлап, басымды изеп, иіліп өтемін. Өйткені, соғыстан менің он екі мүшем аман болғанымен, мен үшін басқалар жараланды. Мен аман келгеніммен, мен үшін өзгелер опат болды.
Ал мен де өзгелер үшін қан төктім, солар үшін жараландым. Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашан да ойлай жүрулері керек. Әсіресе, Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет.
– Сіз соғыста не үшін жауды қонақ еттіңіз?
– Олар бізге көп қорлық көрсетті. Бірақ біз тұтқындарды қорламадық. «таспен атқанды аспен ат» деген. Мен немістің жиырма жеті генералының алдына халқымыздың ақ дастарқанын жайып, қонақасы бердім. Енді елімізге тиіссеңдер дәм ұрсын! – дедім.
– Найн, найн! – деп олар бастарын шайқап, көздерін жыпылықтатты. Арий қанды зиялы генералдар алдарындағы асты аш қасқырдай түтіп, жеп жатты.
– Адам қателеспес үшін не істеу керек?
– Үлкен өзендерде пароход жүзіп келе жатқанда арнаулы адам судың тереңдігін үнемі өлшеп отырады. Өйтпесе, пароход қайырлап, бөгеліп қалады. Немесе оның винтіне зақым келіп, істен шығады. Алған жүгін тиісті жеріне уақытында жеткізе алмайды. Адам да пароход сияқты. Ол да өзінің алдын үнемі оймен өлшеп отыруы керек. Ойланбаған орға жығылады, опық жейді. Оған өзіңнің өр көкіректігің, өзімшілдігің ғана кінәлі. Бұл сенің ақылсыздығыңнан істелетін іс емес. Ақыл да ойлағанды ұнатады. Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді.
– Қатты қателескен кезіңіз болды ма?
– ГУК-тың бастығы армия генералы Филипп Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада командирі болып баруды ұсынды.
– Мен дивизия командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада командирі болып бармаймын, – дедім Голиковке. Соғысты бітіріп, академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол, қарағым. Генералға тура осылай дедім. – Онда корпус штабының бастығы болып барыңыз деді.
Бұл үлкен қызмет еді. Жаман ағаң ақылсыздық жасады, қарағым. Жарайды, рақмет деудің орнына Голиковке:
– Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта отырған емеспін, – дедім.
Голиков бетіме қарап отырды да:
– Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын тартасыз. Бара беріңіз, – деді.
Ағат кеткенімді артынан білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой, қарағым.
– Бұл қателіктен қандай сабақ алдыңыз, не түйдіңіз?
– «Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой. Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Осы қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді. Адамгершілік, азаматтық арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді.Өмірінің қатесін ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені, оны мойындау қиын, өзгеге мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды айтып отырмын, қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да білсін. Бір адамның өмірі мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп, жаманымнан жиренсін.
– Сіз өзіңізге сынмен қарайсыз ба?
– Өзіне өзі сынмен қарау – оңай іс емес. Өзінің қателерінен сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді. Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлдеқайда күшті.
– Өмірде не нәрсеге көз жеткіздіңіз?
– Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені, әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді... Менің көзім осыған жетті.
Ұзын бой қысқарады. Үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол – табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.
«АДАМДЫ БҰЗАТЫН НӘРСЕ: АТАҚ, АҚША, АРАҚ...»
– Адамды не нәрсе бұзады?
– Адамды бұзатын не? Тағы да сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз – еркектер бұзамыз.
– Расында, кезінде Сіздің замандастарыңыз, жалпы халқымыз арақтың кесірінен рухани құндылығынан айырыла жаздады емес пе? Халықты иманы мен тегінен айыру үшін арақты барынша пайдаланды. Біз әлі күнге дейін осының зардабын сезіп келеміз емес пе?..
– Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ – адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.
– Сіз өтірік айтасыз ба?
– Мен өтірік айта алмаймын
– Бір сөзіңізде адамды табиғат тәрбиелеп тұрған тәрізді депсіз...
– Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбыратпай тік жүруді үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайыңдар сені адалдық пен пәктікке шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім дегеннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және ұқтырады.
– Отаншылдық, Отан қорғау, патриотизм, ұлтты сүю... Осы ұғымдар жайлы Сіздің ұққаныңыз, түйсікке түйгеніңіз не?
– Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.
Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады. Кімде кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес. Намыскер емес адам – ерлік жасауға қабілетсіз. Ерлік – ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені, оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
– «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!»
Бұл қарт әкеңіздің Сізге берген батасы екен. Ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл болады дейді...
– Осы ақ батаны жүрегіме жазып алып мен кеттім. Әкемнің ақ батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін төбеме көтеріп келемін, қарағым.
– Сізден де бата сұраймыз...
– Адал болмай азаматпын демегін. Ойран салсаң ойлап салғын. Елін сүйген жауынгер ер болады. Жерге теріңді төксең, жеміске кенелесің.
Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! Барлық балғындарға ақ ниетпен ақ батамды беремін!
Ретроспективалық сұхбатты дайындаған
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасы Баспасөз бөлімінің меңгерушісі