Басқарма басшысының айтуынша Жайық өңірінде 57 спорт түрі, соның ішінде олимпиадалық 28 спорт түрі дамуда. 2017 жылы дене шынықтыру және спорт саласының бюджеті 3 056 264,0 мың теңге құрайды (жарты жылда 56% қаржы игерілді).
Жыл басынан бері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде 38 спорт түрінен 107 жарыс өткізілді. Облыс спортшылары 339 медаль (116 алтын, 101 күміс, 122 қола) жеңіп алды.
Облыста 25 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (11 038 cпортшы 44 спорт түрі бойынша шұғылданады), олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы, оның ішінде үшеуі кәсіпқой клуб («Ақжайық» спорт клубы» ЖШС, «Жайық» волейбол клубы» МКҚК, «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС) жұмыс істейді.
Облыста дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысатын адамдардың саны 170 650 адамды құраған. Бұл барлық облыс халқының 26,7% (2015 жылы 158 739 адам, 25,2%).
Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың спорттық белсенділігін арттыру, денсаулығын нығайту мақсатында биыл «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған спорт клубы» МҚҚК ашылды.
2015 жылы Орал қаласының Зашаған кентінде 320 орындық, Жымпиты және Қаратөбе ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, ғимараттар қолданысқа берілді.
Қысқы спорт түрлерін дамытуға тиімді жағдай жасау мақсатында КПО б.в. компаниясының қолдауымен «Жастар» стадионында жасанды мұз айдынын салу жұмысы жүргізілуде. Жұмыс биылғы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар Зеленов ауданы Переметный ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған кешенде көпсалалы ойын залы (волейбол, баскетбол, шағын футбол), жекпе-жек және жаттығу залы болады. Кешенді қолданысқа беру 2017 жылдың қараша айына жоспарлануда.
Бөрлі ауданының Ақсай қаласында стадионы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған кешенде көпсалалы ойын залы, жекпе-жек залы, бокс залы, жаттығу залы, 105х60 метрлік стадион, 8 жеңіл атлетикалық жолақ, 2 спорттық алаң болады. Кешенді қолданысқа беру мерзімі - 2017 жылдың қыркүйек айы.
Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ақжайық ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар.
2020 жылға дейінгі аймақты дамыту бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 2017 жылы облыста 4 спорттық алаң салынды. 2017 жылдың аяғына дейін аталған бағдарлама бойынша жергілікті бюджет есебінен 28 спорттық алаңды салу көзделуде (13 спорт алаңы Орал қаласында, 15 спорт алаңы аудан орталықтары мен ауылдық округтарда).
Журналистердің «Ақжайық» футбол клубын қаржыландыру мәселесіне қатысты қойған сауалдарына жауап бере келе Әсия Рахымқызы аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Клубтың бюджеті отандық өзге командалармен салыстырғанда өте аз деп айтуға болады (1 млрд. теңгеден аз). Бұл қаржыға көп адам қате түсініп жүргеніндей, тек қана легионер ойыншылардың трансферлеріне жұмсалмайды. Сонымен бірге, осы қаржы клубтың қызметкерлеріне жалақы төлеуге, қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға, жалпы футбол клубының барлық инфрақұрылымын күтіп ұстауға жұмсалады. «Ақжайық» ФК жанындағы балалардың футбол орталығы (700-ге жуық адам), орталықтың 4 аудандағы (Сырым, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандары) және Орал қаласындағы 4 филиалы да осы қаржыны пайдаланады. Биыл біз клубтың базасында бақылаушылар кеңесін құрдық. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың, ойын түрлері федерациясының өкілдері және облыстық мәслихаттың депутттары енді. Сол себепті бұл мәселе біздің ұдайы бақылауымызда, – деді Ә.Аманбаева.