Батыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. 22 наурыз күні Орал қаласында мерекелік іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.
Өңір тұрғындарын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Барша жерлестерімді Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз Наурыз – ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, руханиятын айшықтайтын мейрам. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен он күн бойы жаңа форматта тойланып жатқан Наурыз мейрамы көптің көңілінен шықты.

Ауыл және аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.

Біз тұрғындарға қажетті –әлеуметтік, медициналық нысандарды, жол салуды, тұрғын үй құрылысын жүргізуді және тағы да басқа маңызды жұмыстарды жалғастыратын боламыз», - деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Тұңғыш Президент алаңына жиналған облыс тұрғындары киіз үйлерге кіріп, ән, күй тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Наурыз мейрамы Батыс Қазақстан облысының әр ауданында кеңінен аталып өтті.