Бас имамға тиесілі деген “зәулім үйдің” шын иесі белгілі болды

Қаракөз Амантай 04 ақп. 2025 11:37 6767

Әлеуметтік желіде Астана қаласының және республикалық “Әзірет Сұлтан” мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповке қатысты видео жаппай тарады. Онда белгісіз біреу елордадағы “зәулім сарайдай" үй бас имамға тиесілі екенін айтады. Алайда үйдің шын иесі бұл ақпаратты жоқ шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Видео авторы зәулім үйді бастапқыда мешіт деп ойлап қалғанын жеткізеді. 

“Мен алғашында мұны мешіт деп қалдым. Сөйтсем, бұл Астананың бас имамының үйі екен. Мешіт сияқты дәу ғой, сұмдық! Ал енді садақаларыңды жіберіңдер! Әр жұма сайын салған садақаларың қайда кетіп жатыр? Қалтаға кетіп жатыр. Не деген сарай мынау!?” – дейді видео авторы.

Желіде тез тараған бұл ақпарат қоғамда үлкен дау туғызды. Алайда көп ұзамай Астана тұрғыны Нұрлан Лесбекұлы видеоға шыққан үйдің өзіне тиесілі екенін мәлімдеді.

“Әлеуметтік желілерде бұл үй бас имамға тиесілі деген ақпарат тарады. Бұл – жалған. Бұл менің жеке меншігім. 15 жылдан бері осы үйде тұрып келемін”, – деді ол ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы жариялаған видеода.

Осы жағдайға байланысты Ерболат Жүсіпов желідегі жалған ақпаратқа нүкте қою қажет екенін айтты.

“Қадірменді ағайын, соңғы уақытта әлеуметтік желіде жалған ақпарат көбейіп кетті. Имамдар мен ұстаздарға жала жабу белең алып барады. Қасиетті Құранда айтылғандай, біреудің ақысын жеу, жала жабу, әділетсіздік жасау – ауыр күнә әрі ақыреттегі ауыр азапқа себеп болатын іс”, – деді ол.

Имам көпшілікті жалған ақпаратқа сенбеуге және кез келген мәліметті тексеріп барып қабылдауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар