Қазақстанның Бас прокуратурасы Құрылтай сайлауы қарсаңында азаматтарды сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Қадағалау органының мәліметінше, сайлау науқаны заң аясында өтіп жатыр. Дегенмен осы уақытқа дейін заңсыз сауалнама жүргізу және тыйым салынған үгіт-насихатқа қатысты 8 дерек анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң талаптарын бұзған азаматтарға айыппұл салынып, заңсыз жарияланған материалдар өшірілген.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 22 тамызда сағат 00:00-де ресми түрде аяқталады. Ал 22 және 23 тамызда «тыныштық күні» режимі күшіне енеді. Бұл кезеңде кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Бұған дейін орналастырылған үгіт плакаттары мен әлеуметтік желілердегі жазбаларды өшіру міндетті емес. Алайда мұндай материалдарды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды. Талапты бұзғандарға 35 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Бас прокуратура өкілдері толтырылған сайлау бюллетенін фотоға немесе видеоға түсіруге және оны жариялауға тыйым салынғанын да ескертті. Сонымен бірге дауыс беру аяқталғанға дейін сайлауға қатысты сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға болмайды.
"Азаматтарды заң талаптарын сақтауға, арандатушылық әрекеттерге ермеуге, келісілмеген акцияларға қатыспауға және әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпауға шақырамыз", - делінген Бас прокуратураның үндеуінде.