Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 31 қаз. 2024 12:59 2813

Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірнеше жыл бұрын Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі белсенді жұмыс бастаған болатын. Бірақ қазір бұл мәселеге қатысты ақпарат азайып, қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болды. Әлеуметтік желілерде Ақжарқынның Қазақстанға оралғаны туралы және оны құпия түрде қайтарғаны жайлы мәліметтер тарап жатыр. Осыған орай БАҚ өкілдері Ақжарқын Тұрлыбайдың қазіргі жағдайы мен оны елге қайтару жоспары туралы сұрады.

Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Қазақстанның Қытайдағы азаматын елге қайтару үшін прокуратура мен СІМ бірлесіп жұмыс жүргізуде.

“Бұл істі тоқтатқан жоқпыз, белсенді жалғастырудамыз. Жақын арада оң шешімін табады деп үміттенемін”, – деді ол.

Сондай-ақ Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтегісі келетінін айтып, ресми өтініш жасаған. Қойгелдиевтің сөзінше, Ақжарқынның адвокаты тұрақты түрде байланыс орнатып отыр.

“Өз жазасын елде өтегісі келетіні жайлы арызы бізге келіп түскен. Ол елге келіп өтегісі келеді. Адвокаты бізбен тұрақты түрде байланыста”, - деді ол.

Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Алматыдан Қытайға барған болатын. Оның сөзінше, таныс адамдары Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдерді жеткізіп, ақша табуды ұсынған. Қазақстандық студент Гуанчжоудан ұшар алдында ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар