Сарыағашта журналистер қадам басқан алғашқы нысан ауданның Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС болды. Жылына 1 млн. данаға жуық көшет өсіріп, әзірлейтін тұқымбақтағы көшеттердің 250-300 мыңы жеміс ағаштарынікі. Ал жылдық табысы 90 млн. теңгеден асады. 2002 жылдан бері 96,5 га аумақта түрлі жеміс-жидектер мен ағаш көшеттерін өсірумен 50 шақты жұмысшы айналысады.
Жылдың 12 айында үздіксіз жұмыс істейтін «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің өзге тәлімбақтардан ерекшелігі, тропикалық аймақта өсірілетін жеміс түрлерін оңтүстік өңіріне жерсіндіруде үлкен тәжірибе жинақтап отыр.
Бүгінде шаруашылықта климаты ыстық аптапта өсетін лимон, банан, киви секілді бірнеше жеміс түрлерін өсіру тәжірибеге енгізілген.
Аудан бойынша қазіргі таңда 1967,7 га алқапта жеміс-жидектер өсіріліп жатса, оның 351,8 гектар алқабынжа жаңа заманауи технология бойынша түрлі өнімдер егіліп, тамшылатып суару әдісі арқылы жеміс-жидектер өсірілуде. Сарыағаштағы осынау 2 мың гектарға жуық алқаптан былтыр 7,5 мың тоннадан астам өнім алынды. Орташа өнімділік 55,3 цн/га болып отыр.
Мұнан соң, тілшілер тобы аудандағы Көктерек кентінің кәріз жүйелері мен шайынды суларды тазарту бекетінің бүгінгі ахуалымен танысты. Аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев шипажайдағы жағдайды түсіндіру мақсатында сол маңдағы кәсіпкерлермен кездесіп, баспасөз конференциясын өткізді.