Бақытжан Базарбек «Қайрат» – «Реал» матчының ұйымдастырылуын сынға алды

Көркем Алдабергенова 01 қаз. 2025 11:20

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда өткен "Қайрат" – "Реал Мадрид" кездесуіне қатысты пікір білдірді. Ол ойынның өзіне емес, ұйымдастыру сапасына назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, стадионға кіру процесі нашар деңгейде ұйымдастырылған.

"Кіреберістегі жағдай бес балдық шкаламен бағалар болсақ, мүлдем қанағаттанарлық емес. Билеті бар жанкүйерлердің өзі ішке кіре алмай, үлкен кезек пен дүрбелең туындады. Қатарда балалар да болды. СОБР, ІІМ мен ішкі әскер қызметкерлері көптеп тұрғанына қарамастан, олар ешқандай көмек көрсетпей, тек қарап тұрды. Жанкүйерлерді тезірек кіргізуге болар еді", – деді ол.

Ұйымдастырушылар мұны кезекте көптеген "билетсіздердің" тұрғанымен түсіндірген. Алайда депутаттың пікірінше, дауыс зорайтқышты қолданып, қолында билеті барларды бірінші кезекте өткізу керегін хабарлау қажет еді.

Нәтижесінде ойын сағат 21:30–21:45 аралығында басталды. Көптеген жанкүйер алаңға 5, 10, 15, тіпті 20 минуттан кейін ғана кірген.

"Журналист Михаил Козачков та ұйымдастыру төмен деңгейде болғанын атап өтті. Бұған қоса, билеттердің бағасы өте қымбат болды. Ақша төлеген адамдар ең болмағанда минималды жайлылықты күткен. Бірақ оған қол жеткізе алмады", – деді Базарбек.

Депутаттың айтуынша, матч кезінде көптеген билетсіз адамдар трибуна өтетін жолдарға жайғасып алып, қозғалысқа кедергі келтірген.

"Бүгін "Қайрат" тұңғыш рет Чемпиондар лигасында ойнап отыр. Егер біз сол деңгейге шықсақ, онда тек алаңдағы ойынмен ғана емес, ұйымдастыруда да жоғары стандарттарға сай болуымыз керек. Алда кемінде үш матч бар. "Қайрат" футбол клубы мен Алматы әкімдігі тиісті қорытынды шығарып, жанкүйерлерге қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді деп сенемін", – деді депутат.

Сонымен қатар, Базарбек матчқа шамамен 5000 билетті "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек" холдингтері мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің сатып алғаны туралы ақпаратты тексеруді талап етті.

"Егер бұл расталса, онда заңды сұрақ туындайды: билеттер жекелеген қызметкерлердің жеке қаражатына алынды ма, әлде мемлекеттік ресурстар жұмсалды ма? Бюджет қаражатын мұндай мақсатқа пайдалану мүлде жол берілмейтін нәрсе!", – деді ол.

Сондай-ақ депутат құқық қорғау және антимонополиялық органдарды билет сатылымындағы ықтимал алыпсатарлық схемаларды тексеруге, оларды көтерме сатып алған тұлғалар мен компанияларды анықтап, жауапқа тартуға шақырды.

"Аса қымбат бағаға билет алған адамдар адалдық пен ашықтықты көруге тиіс, қолдан жасалған тапшылық пен күмәнді схемаларды емес", – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар