Бангкоктен екі чемодан әкелмек болған қазақстандық 16 жылға сотталды

Бангкоктен екі чемодан әкелмек болған қазақстандық 16 жылға сотталды

Алматыда Таиландтан ірі көлемде есірткі затын алып өтпек болған 22 жастағы Қазақстан азаматына сот үкімі шықты. Бойжеткен 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.

Ведомствоның мәліметінше, істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Сот оны есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау және олардың заңсыз айналымына қатысу баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Тергеу кезінде бойжеткеннің ақшалай сыйақы үшін Бангкоктен Қазақстанға екі чемодан жеткізуге келіскені анықталған. Алайда жүктің ішінен жалпы салмағы 8,8 келі болатын каннабис сығындысы табылды.

Заңсыз жүк Алматы әуежайында анықталып, есірткі тасымалдау әрекетінің жолы кесілді.

Прокуратура тұрғындарды әлеуметтік желілерде жарияланатын «жеңіл табыс» және тегін саяхат туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Құзырлы органның ескертуінше, мұндай ұсыныстар халықаралық есірткі тасымалдау желілерінің бір бөлігі болуы мүмкін. Қылмыстық схемаға қандай рөлде қатысқанына қарамастан, адам қатаң жауапкершілікке тартылады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.