Балнұр Жаңқабай Кореядан жүлдемен оралды

Dalanews 17 сәу. 2019 09:31 721

Жуырда ғана Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Балнұр Жаңқабай Оңтүстік Корея мемлекетінің Тэджон қаласында өткен ғылыми байқаудан жүлдемен оралды. Аталмыш мемлекетте жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына жерлесіміз алғаш рет қатысып отыр.

Ол бұған дейін «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» атты ғылыми жобасымен аудандық, облыстық және республикалық іріктеуден іркілмей өтіп, халықаралық байқаудың жолдамасын қанжығасына байлаған. Алайда, бұл Балнұрдың алғашқы жеңісі емес. Дәлірек айтсақ, өткен жылы Тараз қаласында өткен оқушылар арасындағы Президенттік олимпиадаға қатысып, жүлделі оралса, аудандық пән олимпиадаларында әрдайым алғашқы орыннан көрініп келген. Бұдан бөлек, республикалық «Ақбота», халықаралық «Золотое Руно» мен «Русский медвежонок» сынды байқаулардан да жүлделі оралып жүр. Ал, «Ұлы дала дарыны» атты республикалық ғылыми жоба байқауында «Үздік ғылыми жоба» номинациясын иеленуі Балнұрдың ең үлкен жетістіктерінің бірі екен. Енді міне, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 35 мемлекеттің арасындағы бәсі жоғары білім бәсекесінде биіктен көрініп, өзінің мықтылығын дәлелдей білді. Соның арқасында шулық оқушыға Оңтүстік Кореядағы кез келген медициналық академияларға 50 пайыздық жеңілдікпен грант иесі атануға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, өз еліміздегі медициналық академиялардың грант иегері атанды. Бұның бәрі Балнұрдың талмай еңбектенген ізденімпаздығының жемісі болса керек-ті. Ал, Балнұр Жаңқабайдың айтуынша, ол аталған жобаны түгелдей ағылшын тілінде жазып шыққан көрінеді.

Келешекте журналист болуды қалайтын оқушы өзінің ғылыми жобасының тақырыбын да сол салаға қатысты етіп алған. Ол бұл жобаны өзінің ғылыми жетекшісі Нина Кобецпен бірігіп, өткен жылдың шілде айында бастаған екен. Сонымен қатар, ғылыми жобасын түгелдей ағылшын тілінде жазып, сол тілде қорғап шыққан. Айтуынша, Кореядағы байқауға сол елдің белді ғалымдары мен Гарворд университетінің мамандары қазылық етіпті.

Айта кетуіміз керек, былтыр Шу ауданындағы дәл осы Жібек жолы мектеп-лицейінің 3 сынып оқушысы Нұрмұхаммад Атымтай Малайзия мемлекетінде өткен ментальды арифметика бағдарламасы бойынша халықаралық жарыстан екінші орынмен оралған болатын. Осы орайда, дарынды оқушыларды тәрбиелеп отырған аталмыш мектепке алғыс айта отырып, оқушылардың талабы ұштала берсін демекпіз.

Жамбыл облысы

Шу ауданы

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар