Сот Air Astana-ны жауапқа тартты. Бұл туралы заңгер Данилхан Шағатаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға 2024 жылы желтоқсанда болған. Бес бала Air Astana әуекомпаниясының қызметкерлерімен бірге Түркияға кеткен. Бірақ 10 жастағы бала келген бойда төлқұжатын таппай қалған. Уақытша құжат жасалғанша, бала екі күн бойы депортация бөлмесінде жалғыз отырған. Содан кейін әуекомпания кәмелетке толмағандарға қызмет көрсетуге баланы заңды өкілден қабылдау, рейс кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және келген кезде заңды өкілге тапсыру кіретінін, ал құжаттар мен жеке заттарын бақылау жолаушыға жүктелетінін мәлімдеген.
Баланың анасы Air Astana үстінен сотқа шағым түсірді.
Адвокат Данилхан Шағатаев сотта кәмелетке толмағандар жауапкершілікке тартылмайтындықтан, жолаушының өзі жауапты деген әуе компаниясының мәлімдемесіне қарсылық білдірген.
"Балаларды әуекомпания қызметкерлеріне беру және ұшаққа отырғызу кезінде барлық қажет құжат болғаны анықталды. Сотта бірқатар куәгер, соның ішінде Түркияда жолсеріктер мен жерүсті қызмет көрсету қызметкерлерінен де жауап алынды. Нәтижесінде сот әуекомпанияның баланың құжаттарын тексеру жөніндегі өз міндеттерін дұрыс орындамағанын анықтады", – деді адвокат.
Данилхан Шағатаевтың айтуынша, сот жаңа әуе билеттерін сатып алу, жаңа төлқұжат рәсімдеу үшін материалдық шығынды өтеу, сондай-ақ, 2 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.