Балаларды тонаумен айналысқан ұры ұсталды

Dalanews 29 сәу. 2022 02:37 710

Теміртау қаласында бірнеше оқушының киімдері мен заттарын ұрлаған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таяуда Қарағанды облысы Теміртау қаласы ПБ Шығыс полиция бөліміне 36 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Әйелдің айтуынша, оның 14 жастағы егіз ұлдары қаладағы сауықтыру ұйымдарының біріне жаттығуға барған.

Балалар жаттығу залынан киінетін бөлмеге оралғанда киімдері мен спорттық жабдықтарын белгісіз біреу ұрлап алып кеткенін анықтаған.

Шығын сомасы 50 мың теңгені құрады. «22 сәуірде жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды» деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.


Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы барын анықтаған. Оның барлығы осы сауықтыру орталығында жасалған.

Мәселен, 6 сәуірде қаскүнем бассейнде жүзіп жүрген бір оқушының жоқтығын пайдаланып, шешіну бөлмесіндегі шкафтардың бірінен баланың ұялы телефонын ұрлап кеткен. Қолды болған телефонның құны – 129 мың теңге. Ұрыға қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар