Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Ұлытау облысында балаларды қамқорлығына алып, оларды бірнеше жыл құлдықта ұстаған әйелдің ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Лепеха Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының кулуарында аталмыш оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалатынын атап өтті.
"Біріншісі – қамқоршы құқығын асыра пайдалану, екіншісі – азаптау. Мұны қылмыстық іс аясында қарастырамыз. Заңға сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деді Игорь Лепеха.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында жантүршігерлік жағдай әшкере болған еді. Жетім балаларды асырап алған әйел, оларды қара жұмысқа жегіп, 5 жыл бойы құлдықта ұстаған.Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram парақшасында жазған болатын.