Байқоңыр қаласындағы ауруханада еңбек заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталып, нәтижесінде 444 медицина қызметкерінің еңбек құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, Байқоңыр қаласының прокуратурасы жергілікті аурухананың ұжымдық шартындағы заңнамаға қайшы талаптарды анықтаған.
Атап айтқанда, міндетті медициналық және зертханалық тексерулердің шығынын медицина қызметкерлерінің өздері төлеуі тиіс болған. Бұл зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша қаржылық міндет жүктеген.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін ұжымдық шарттағы аталған талаптар қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Енді міндетті медициналық тексерулердің шығынын жұмыс беруші өтейді.
Нәтижесінде 444 медицина қызметкерінің еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қамтамасыз етілді.