Баян Алагөзованың үстінен құқық қорғау органына шағым түсті

Баян Алагөзованың үстінен құқық қорғау органына шағым түсті
Фото: Instagram/bayanmaxatkyzy

Белгілі продюсер Баян Алагөзованың әлеуметтік желідегі дінге қатысты пікіріне байланысты құқық қорғау органдарына шағым түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өтініш иесі продюсердің Threads желісіндегі жарияланымдарын тексеріп, оларға құқықтық баға беруді сұраған. Оның пікірінше, аталған жазбаларда діндарларды кемсітетін және қорлайтын тұжырымдар болуы мүмкін.

"Threads әлеуметтік желісіндегі @bayanmaxatkyzy аккаунтында жарияланған жазбаларға тексеру жүргізіп, құқықтық баға беруді сұраймын. Автор дін мен діндарлар туралы көпшілік алдында кемсітетін және қорлайтын сөздер қолданады деп есептеймін", – делінген шағымда.

Өтініште Баян Алагөзованың діни насихаттан шаршағанын айтып, жұмақ пен тозақтың бар екеніне сенбейтінін жазғаны көрсетілген. Сондай-ақ продюсердің жұмақта ер адамдарды «72 хор қызы күтеді» деген түсінікке мысқылмен қарағаны айтылған.

Шағым иесі продюсердің жария мәлімдемелерінде дінаралық араздықты қоздыру белгілерінің бар-жоғын анықтауды сұрап отыр.

Қазіргі уақытта электронды өтініш тіркеу сатысында тұр. Әзірге тексерудің басталғаны немесе іс қозғалғаны туралы ресми ақпарат жоқ.