Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан Қазақстан азаматтары Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың денесі елге жөнелтілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Марқұмдардың денесін отанына қайтару жұмыстарын Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы ұйымдастырған.
"Қыздардың қазасына байланысты тергеу амалдарын БАӘ-нің құқық қорғау органдары жалғастырып жатыр. Қазақстандық дипломаттар прокуратурамен және әмірліктің өзге де құзырлы органдарымен тұрақты байланыста. Олар марқұмдардың отбасына қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтады", - делінген ресми хабарламада.
Шарджа қаласында апалы-сіңлілі Бохановалардың қаза тапқаны туралы ақпарат 25 тамызда белгілі болды. Осыған дейін Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін БАӘ-нің тиісті органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.