Қазақстан әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли елде былтыр 139 адам алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Талғат Уәлидің сөзінше, өндірісте 283 мың адам борышкер болса, соның ішінде ер адамдар саны 273 мың теңге, әйелдер саны 11 мыңнан асады. 16352 іс бойынша берешек сома 11 млрд теңгеден асып кеткен.
Биыл ірі көлемдегі өндіріп алулар жайлы мысал келтіре кетейін. Астанада алимент төлемегені үшін Mercedes-Benz S-400 маркалы автокөлік маркалы көлік 23 млн теңгеге сатылып, қарыз алушыға қаражат жолданды. Жамбыл облысында борышкер қарызын өтеу үшін 11 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікті өндірушіге берді. Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін Хиундай көлігі өндіріп алушыға табысталды, – деді Талғат Уәли.
Оның айтуынша, алимент төлемеген 6 мыңнан астам адам былтыр жұмысқа орналастырылған. Биыл осы межені төмендетпеу көзделіп отыр. 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қылмыстық жауапкершілікке (ҚК 139-бабы) 139 адам тартылған. Сонымен қатар, борышкерлердің банк шоттарына, Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салу сияқты шаралар қабылданған.
Дана Әтешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтенов аталған көлікті жасырып жүргенін, ол жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен ауыз жаласқандықтан, одан көлікті алып қою туралы бұйрықты жеткізбей жүргенін желіде айтқан еді. Осыдан кейін жеке сот орындаушының бірі Әйтеновтің алимент бойынша қарызына байланысты қымбат көлігін тәркілеген. Mercedes-Benz S санатты көліктің видеосы сол тұста желіге тараған еді. Сол кезде Әйтеновтің балаларының алдындағы қарызы 23 млн теңгеден асқаны жазылған.