Аймағамбетов: "Тазалық, адалдық туысыңа ыңғай танытпаудан басталады"

Dalanews 07 қыр. 2019 10:08 1184

Dalanews.kz Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сұхбатын министрлік өтініші бойынша  тәржімалап шықты. Сұхбатта көтерілген көкейтесті мәселелерді қазақтілді оқырманның назарына ұсынамыз.



Тілші: Әлеуметтік желідегі пікірлерге жүгінсек, қазір Сізден көп үміт күтіліп отыр. «Білім саласында сынға ілініп жүрген барлық проблемаларды еңсерсе, шіркін», - дейді ел.

Асхат Аймағамбетов: Олай болса бәрі жақсы ғой, бірақ осының өзі басқа бәле бола ма деймін. Өйткені әркім әртүрлі нәтиже күтеді менен.

Мысалы, біреу жаңа министр келді, енді ол осы саладағы бұрынғы қателіктерді түзеп, бәрін кеңестік жүйеге қайта бағыттайды деп үміттенеді. Ал тағы біреуі, керісінше: қолданыстағы осы жүйені - жаңартылған бағдарламаны қалдырады, ештеңені өзгертпейді деп ойлайды. Өзіңіз айтқандай, әр адам маған әртүрлі үміт артады...

Мен осы қызметке жаңадан тағайындала салысымен, барлық сарапшы мамандармен жолығып, тілдестім. Білім министрлігін сынаушылармен де, сол секілді қолдаушылармен де.


Маған олардың ұстанымы түсінікті. Әрқилы пікірлер, көбіне бір-біріне қарама-қайшы.

Олардың бір бөлігі Финляндия сияқты елдердің озық бағдарламаларын қолға алып, енгізу өте қажет деп санайды, ал басқалары 1980 жылғы білім беру бағдарламаларына қайта оралсақ дейді.

 Қалай дегенмен де үлкен өзгеріс болмайды деп айтып қояйын. Көбіне министр жаңадан келгенде: «Менің алдымдағылар бәрін дұрыс жасамаған, сондықтан бәрін қайта қарастырып, қайта басқасын енгіземіз» дейді емес пе? Негізінен, бұл саясатты мен қолдамаймын. Мен олай етпеймін.

Әрине, алдыңғыны қабылдап аламыз, солай болуы керек.

Бірақ мен білім беру саласында жұмыс істеп, бұл жүйені әрқырынан байқап көрген адаммын. Ауданда да болдым, облыста да болдым... Соның арқасында министр ретінде маған шешімдер қабылдау әлдеқайда оңайырақ.

Қоғам көтеріп отырған көптеген проблемаларды шешу үшін үлкен реформалардың қажеті жоқ. Төңкерістің түкке қажеті жоқ.


Ең күрделі деген, жанды жерге тиетін реформалар жүзеге асырылып қойылған, ендігі проблемаларды кезең-кезеңімен ақырындап еш ауыртпалықсыз шешуге болады.

Тілші: Желіде біздің мектептер мен жоғары оқу орындары шаласауатты адамдарды, тұтынушыларды түлетіп жатыр, ал кеңес кезінде бұлай болмаған деген пікір жиі айтылады ғой...

Асхат Аймағамбетов: Сіздің ойыңызша, барлық кеңес кезеңінде мектеп бітіргендердің барлығы шетінен ақылды болған ба?

 Байқап қарасаңыз, кеңес кезеңінде де мектепті тәмамдағандардың деңгейі әртүрлі. Иә, жақсы оқығандары да бар, сонымен бірге  оқи алмағандары да бар.

Бұрын бәрі жақсы болған, мектепті бәрі үздікке бітірген, екілікке ешкім оқымаған дегеннің бәрі миф. Бүгінгі білім өте нашар деп айту дұрыс емес. Әрине, кемшіліктер жоқ емес, бар. Біз мұны мойындаймыз.


 Бірақ жетістіктеріміз де бар ғой, оны да ұмытпайық. Біздің оқушыларға қараңызшы. Бүгінгі балалар мүлдем басқаша. Бүгінгі оқушыларды мен жаман деп айтпас едім. Олар басқалай.

Тілші: Сонда қалай басқалай? Қазір ата-аналар білім саласына үнемі енгізілетін жаңа өзгерістерге, реформаларға шағымданады. Солайша балаларымыздың басын қатырып, қинап қойды деп айтады.

Асхат Аймағамбетов: Иә, қазіргі балалар басқаша. Олар әлдеқайда мобильді әрі тапқыр. Функционалды тұрғыда сауатты.

Жүргізілген реформалардың мақсаты – баланы қандай да бір елдің қайда орналасқанын немесе тағы басқа мәліметті білуге үйрету ғана емес. Бүгін біз бұл ақпаратты Интернеттен немесе энциклопедиядан да еш қиындықсыз тауып ала аламыз. Баланы талдауға, ойлауға, білімді қолдануға, сыни тұрғыдан ойлауға, ұжымда жұмыс істеуге үйрету маңызды. Бұл дағдылардың маңызы зор. Бірақ бұл білім қажет емес дегенді білдірмейді.

Белгілі бір білім жиынтығынсыз алға жылжу мүмкін емес, бұл - іргетас. Біз білім маңызды деп санаймыз және оған сәйкес дағдылар мен құзыреттер қажет.


PISA (студенттердің оқу жетістіктерін бағалау бағдарламасы) және TIMSS (мектептегі математика және жаратылыстану білімі сапасын зерттеу) сынды халықаралық зерттеулер бар. TIMSS деректері бойынша, біздің балалар әлемде 7-9-шы орынды иеленеді. TIMSS академиялық білімді бағалайды, яғни біз бір нәрсе туралы қаншалықты білетінімізді саралайды ол.  

Сонымен бірге PISA сол ақпаратты біз қалай қолданамыз, оны қалай талдай аламыз, соны бағалап көрсетеді.

Өкінішке қарай, бұл рейтингте біз төртінші ондықтың қатарындамыз. Яғни, біздің елімізде сыни тұрғыдан ойлау мәселелері ақсап тұр.

Ал қазіргі әлемдегі технологияның қазіргі даму қарқыны мүлдем басқа дағдыларды қажет етеді. Мамандықтар да өте тез ескіріп, өзгеріп жатыр.

Тілші: Мамандар даярлап үлгергенше дейсіз бе?

Асхат Аймағамбетов: Егер біз бұрын арнайы нақты бір мамандарды даярлап, болашақта қандай маман қажет болатынын білетін болсақ, ал қазір белгісіздік пен жылдам өзгерістер заманы.

Біз 10 жылдан кейін қай мамандықтардың жоғары сұранысқа ие болатынын білмейміз.

Балаларға өмір бойы үйренуге болатындай дағдыларды үйрету қажет. Мына қиын заманға тез бейімделіп, жылдам төселу үшін дағдыларын шыңдауымыз тиіс. Өкінішке қарай, алдындағы жүйе бұл талаптарға сай болмаған.


Мен бұл арада кеңестік білім жүйесі туралы айтып отырмын. Ол, әрине, өз уақытының ішіндегі ең жақсының бірі болды. Бірақ қазіргі уақыт өзгерісті және құзыреттердің басқа жиынтығын қажет етеді.

Онда да әлі ескі элементтердің қалдығы бар бізде. Біз бәрін жойып жібердік, сол секілді бәрін нөлден бастадық деп ешкім айта алмайды. Дәстүрлі көп дүние сол қалпында өзгеріссіз қалды.

Тілші: Сіздің ұлыңыз бар екен. Ол қай мектепте оқиды?

Асхат Аймағамбетов: Кәдімгі мемлекеттік қазақ мектебінде, төртінші сыныпта оқиды.

Тілші: Ұлыңызға уақытыңыз бар ма, сабағын бірге қарайсыздар ма, үй тапсырмасын тексересіз бе?

Асхат Аймағамбетов: Әрине, әрдайым оның бағаларын қадағалап, күнделігіне де өзім қол қоямын. Оның қалай оқитынын сұрап, бірге ойнап, кейде әңгімелемесіз.

Әсіресе, ұл бала үшін әкесімен сөйлесу өте маңызды. Қазір біз оның болашақ жоспарларын анықтап, бажайлап қойдық: мысалы, кім болғысы келеді, қандай дағдыларды дамытуы керек деген секілді. Екеуміз бірге ақылдаса отырып, оны шештік. Ол келісті, қызығушылық танытты.

Ол жақсы оқиды, егер қалаған нәтижесіне қол жеткізбесе, қатты уайымдайды. Ол бәріне қызығады, егер теледидар көретін болса, көп отырмайды.

Бірінші сыныпқа барған кезінде ұлым телефоны жоқ бала жалғыз өзі екенін айтқан. Қазір біз оған бастырмасы бар телефон сатып алдық. Әрине, кез-келген бала сияқты, ол да смартфонда ойынап, видео тамашалағысы келетінін жақсы түсінемін. Гаджетті пайдалану дағдысы да маңызды.

Ол YouTube, Google қызметін қолданып, ақпарат іздеп,  кейбір парақшаларды аша білуі керек. Сондықтан ұлымның қолына анда-санда смартфон беремін. Бірақ оның шекті уақыты бар.

Тілші: Егер мүмкіндік берсе, қай елдің білім беру бағдарламасын көшірмелер едіңіз?

Асхат Аймағамбетов: Қандай да бір елдің білім беру жүйесін көшірмелеу үнемі тиімді әрі жемісті бола бермейді.

Мысалы, Финляндия мен Сингапурдың білім беру жүйесін өз ерекшеліктерімен: психикасымен,  лингвистикасымен, мәдени және саяси бағыттарымен Қазақстанға сол қалпы көшіру - ол мүмкін емес нәрсе.

Тек озық тәжірибелерді таңдап алып, оны еліміздің жағдайына бейімдеу арқылы қолдану керек.

Біз ең жақсы тәжірибелерді алғанбыз, мысалы  Финляндия, Сингапур, Кембридж тәжірибелерін алып, оны осындағы білім жүйесіне бейімдедік. Сол секілді біз отандық жүйеден де көп нәрсені екшеп алуымыз керек, мысалы, ұлы әдіскер және педагог Ахмет Байтұрсынов пен оның Әліппе бойынша әдіснамасын.

Тілші: Қазақстанда ақысыз білім алуға бола ма?

Асхат Аймағамбетов: Біздің беріп жатқан орта біліміміз ақысыз. Тек мемлекеттік мектептер болуы керек деп кесіп айтуға болмайды. Жеке сектор да жұмыс істеуі керек. Бізде жеке балабақшалар, мектептер, университеттер де бар. Меніңше, бұл жаман емес.

Тілші: Бірақ мектеп түлектерінің барлығы бірдей колледжге тегін түсе алмайды ғой.

Асхат Аймағамбетов: Бізде барлығы бірдей жоғары білім алуы керек пе? Мен қаласа да, қаламаса да жоғарғы оқу орнына түсіп, бәрі бірдей диплом алу керек деп ойламаймын.

Бүгінгі таңда кәсіби - жұмысшы біліктілігін  жетілдіру әлдеқайда маңызды. Содан кейін жұмыс істеп, дайындалып, одан кейін университетке түсуі керек деп ойлаймын. Мүмкін біреу арнаулы орта білім алуы керек шығар?

Бізді бүгіндері қатты сынайды. Биыл университетке грантқа түсу үшін бір орынға 1,1 адам таласты. Кейбір мамандықтарда бір орынға бір адамнан келеді.


Бүгіндері, керісінше, бізді техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың орнына, жоғары оқу орындарына тым көп грант бөліп қойды деп сынап жатыр. Жоғары білімнің қажеті жоқ, колледжге барыңдар деп ешкім айтып жатқан жоқ.

Дегенмен бәріне бірдей жоғары білімнің негізі қажет емес. Бүгінгі таңда бізде мысалы APEC PetroTechnic деген колледж бар. Оған бір немесе екі жоғары білімі барлар оқуға түседі.

Тілші: Мұғалімдердің алатын ең төменгі жалақысын атаңызшы?

Асхат Аймағамбетов: Бастауыштың мұғалімі -  70 мың теңге алады. Дегенмен оның кемінде қосымша жеті үстемақысы бар.

  Егер ол сынып жетекшісі болса,  жалақысы басқаша болады. Жаңартылған бағдарламамен оқытатындардың жалақысы да басқаша.

Егер ол ауылдық жерде жұмыс істесе, онда 25 пайыздық коэффицент қосылады. Бірақ орта есеппен мұғалім ең төмен дегенде 70 мың теңге алады. Бұл - өте аз жалақы.

Орташа алғанда, Статистика комитетінің мәліметі бойынша, еліміздегі мұғалімнің орташа жалақысы 107 мың теңгені құрайды. Бұл да мүлдем жеткіліксіз ақы.

Тілші: Білім және ғылым министрі ел басшына: «Мұғалімдердің жалақысын көтеру керек» деп айта ала ма?

Асхат Аймағамбетов: Білім және ғылым министрі өз бұйрығымен жалақыны көтере алмайды. Жалақы үкіметтің қаулысымен реттеледі. Бұл қаражат бюджетте қарастырылады.

 Білім беруден басқа үкіметтің міндеттемелері онсыз да көп екенін жақсы түсінеміз.

Бұл өте ауыр жұмыс - үкімет пен елдің басшылығы деңгейінде белгілі бір шешімдерді келісе отырып, қабылдау деген.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа тамыз кеңесінде үкіметке мұғалімдердің алдағы төрт жылдағы жалақысы екі еседен кем болмауын тапсырғаны үшін алғысымыз шексіз.  

Енді осы тапсырма бойынша бюджетте бұл қаражат қарастырылатын болады, сәйкесінше біз де нормативтік-құқықтық құжаттар мен бұйрықтарды өзгертетін боламыз. Біз Мемлекет басшысының үлкен қолдауын сезіп отырмыз және бұл білім беру жүйесіне одан да үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Тілші: Ал Сіз өзіңіз қанша аласыз?

Асхат Аймағамбетов: Мен шамамен 915 мың теңге аламын. Бұл еңбек өтілі мен басқа да талаптарға байланысты.

Тілші: Алдында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы сізді «тазалық пен адалдықтың адамы» деп атаған. Сіз қол астындағыларыңыз парамен ұсталып жатса, отставкаға кетуге дайынсыз ба?

 Асхат Аймағамбетов: Мұның жауабы өте қарапайым. Мемлекет басшысының бұйрығы бар, қазіргі уақытта талқыланып жатқан заң жобасы бар. Бұл мәселені тіпті талқылаудың қажеті жоқ.

Егер бұл заң қабылданса, мемлекеттік қызметші тек оны орындауға міндетті. Сондықтан мен бұл мәселені талқылағым да келмейді. Біз оны тек орындайтын боламыз.

Тілші: Бізде жоғары лауазымға ағасы-көкесі барлар қол жеткізеді деген түсінік бар. Өзіңізге мұның қатысы жоқ па?

Асхат Аймағамбетов: Мен саяси қызметімді ертерек бастадым. 21 жасымда Мәслихат депутаты болғам. Партияда болмағам,  бір мандатты сайлау жүйесі бойынша округтен  11 үміткер сайлауға түстік. Туған өңірімдегілер менің қалай өскенімді, қандай екенімді көрген, жақсы біледі. Әкім орынбасары немесе бөлім бастығы болып тағайындалғанымда да ешкім бұған таң қалған жоқ. Өйткені барлығы мансап жолымды көріп, біліп отырды.

Мен қарапайым, жұмысшы отбасынан шыққан адаммын. Көпбалалы отбасынан шықтым. Бір әпкем - дәрігер, тағы екі апайым - мектеп директорлары емес, қатардағы мұғалім.


Екі ағам да білім саласында жұмыс істейді, олар да қарапайым мұғалім.

Әкем қайтыс болған кез - 80-жылдардыңсоңындағы қиын уақыт еді. Анам бізді жалғыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ ол кісінің «көпбалалы анамын» деп бір жерге барып шағымданып немесе жалынышты күй кешкенін көрген емеспін. Біз өз-өзімізге сеніп өстік. Ол үшін анама алғысым шексіз, ол нағыз батыр ана деп санаймын.

Тілші: Ал сіздің алдыңызға біреулер бірдеме сұрап келгенде, не істейсіз?

Асхат Аймағамбетов: Сұрағаны несі?

Тілші: Мысалы, баласын жақсы мектепке немесе балабақшаға орналастыруға көмектесіңізші деп. Осылай Сізге ақша ұсынғандар болды ма?

Асхат Аймағамбетов: Маған ондай сұрақтармен, негізі жақындамағаны дұрыс. Менің сондай имиджім бар.

Егер ондай өтініштер болып жатса, оған «жоқ» деп  бетіне кесіп айта аламын. Ол үшін түк қиналмаймын, жәй ғана «Жоқ» деймін, болды.

Кейбіреулері ренжіп жатады, ал кейбіреулері бұған түсіністікпен қарайды.  Жақында менің бір туысым университетке оқуға түсті. Оның тесттен өткенін, қанша балл алғанын жақсы білемін. Қоңырау шалып, оның оқуға түскен-түспегенін біле салуыма болар еді.

Бірақ мен нәтижені күттім, сөйтіп ел қатарлы сайттан қарап, білдім.  Тазалық, адалдық деген осындайдан басталады, керісінше қоңырау шалып, біле алатындығыңыздың өзі ыңғайсыздық тудырады мұндайда.


Бәрін өзіңізден бастауыңыз керек. Егер өзіңіз ешкімге мүмкіндік беріп, ыңғай танытпасаңыз, онда ешкім де  томпақ мәселемен мазаңызды алмайды.

 Тілші: Сіз маусым айында министр болдыңыз. Қазір қандай мәселелерді кейінге шегермей шешкіңіз келеді?

Асхат Аймағамбетов: Қайта құрылымдау бойынша көп жұмыс күтіп тұр.  Мұны министрліктің өзінен бастау керек. Маңызды тұсы басқару жағы болып тұр.

Білім және ғылым министрлігі, содан кейін облыстық, одан соң аудандық білім бөлімдері, мектеп директорлары, ақыры балабақшалар, колледждер мен университеттерге дейін. Біз бұл жұмысты министрліктің өзінен бастап жатырмыз. Функционалдық талдау жүргізіп, вице-министрлердің алдында қандай міндеттер қоятынымызды айқындадық.

Өкінішке орай, олардың көпшілігі белгілі бір саяси шешім қабылдаудың орнына актілерге қол қою, жарыстар өткізу секілді мәселелермен шұғылдануда. Сондай бір үлкен проблема байқалмайды негізі. Бірнеше департаменттердің, мәселесі функциясы бір-біріне ұқсас. Кейбір сарапшылардың функциясы да ұқсас.

Мысалға үшін бірдеңе дұрыс болмай қалып, жауаптыларды іздесеңіз, оған 10 шақты адамның жауапты екенін байқайсыз.  


Қазір біз әр қызметкердің, сарапшының нақты немен шұғылданатынын анықтап, жекелей қарастырып жатырмыз.

Мемлекет басшысы өте маңызды тапсырма берді. Бұл 15 жыл бойына білім беру саласының қызметкерлері көтеріп келе жатқан мәселе. Білім беру жүйесін өзгерту туралыны айтамын.

 Қараңызшы, Білім және ғылым министрлігі саясатпен айналысады, біз оны дайындаймыз, 17 білім басқармасымен жұмыс жасаймыз. Бірақ мектептер мен балабақшалар білім беру басқармасына бағынбайды. Кері байланыс деген жоқ. Сондықтан да жалпы жүйе тиімсіздік танытуда. Бізде білім беру жағынан шамадан тыс орталықсыздандыру бар.

Көптеген жерлерде білім беру саясатын, өкінішке қарай, басқармалар да, министрлік те емес, аудан мен қала әкімдері құрады. Мен өзім сонда жұмыс істегенмін. Тіпті, кейбіреулер ары сілтеп, мектептерді министрлікке бағынышты етуді ұсынады. Білім және ғылым министрлігіне әр мектепті бағындыруының қажеті жоқ. Әсіресе, дәл қазіргі уақытта. Министрлік білім беру саясатын құрып, оның жүзеге асырылуын қадағалаумен айналысуы тиіс.

Президенттің бұйрығы да сондай: біз білім бөлімдерін әкімдерге емес, білім басқармаларына бағынатындай жасауымыз керек. Қаржыландыруды облыс деңгейіне дейін көтеруіміз керек. Сонда бір облыс бойынша бірыңғай білім саясаты болып, ол бәріне түсіністікті болады.

Тиісінше, мектептер білім бөлімдерімен қатар облыстық басқармаға бағынатын болады.

Тілші: Қай уақытқа дейін мұны жасамақсыздар?

Асхат Аймағамбетов: Менің ойымша, бір жылдың ішінде. Онсыз, білім беру саласында қандай да бір үлкен жетістікке жету, шынын айтсақ, мүмкін болмайтын секілді.

Біз әртүрлі бұйрықтарды, заңдарды қабылдай берейік, бірақ білім беру басқармасы жүйесіндегі кемшіліктер – олардың тиімді болуына, қандай да бір реформаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Іске асыру жағы да ақсап жатыр. Қазір біз мында әр өзгерістің мұғалім мен директордың құлағына тез жетуі үшін  байланыстарды дұрыстап жатырмыз.  

Тілші: Мектеп директорларының жұмысына баға бере кетіңізші...

Асхат Аймағамбетов: Деңгейлері әртүрлі. Көп жақсы директорлар бар, бірақ нашары да жоқ емес.

Мысалы, сөз солтүстік өңірлер туралы болса, онда керісінше директорлардың артынан өзіміз жүгіреміз.  Директор болшы деп жалынып, әбден бәйек боламыз. Ал оңтүстікте жағдай сәл басқаша.

 Тағы бір проблема бар: директорлар бар бізде бір орнында 10-15 жыл отырған, лаж болса, 40 жылға дейін отыра береді, оның кейбірі жақсы директорлар, бірақ 1-2-ақ проценті ғана. Бұл өте тиімсіз...

Тілші: Оқушылардың сөмкесі қашан жеңілдейді?

Асхат Аймағамбетов: Әрине бұрын бес оқулық тасып жүрсе, енді оған бес кітап іспетті дәптер қосылды, әрине, сөмкелері ​​екі есеге ауырлайды. Қазір біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Бізде жеңіл сөмке жобасы бар. Негізінен, электронды оқулықтарды енгізу арқылы оны шешпекпіз.

Егер бала немесе оның ата-анасы кітапты өзімен бірге алып жүргісі келмесе, онда оқулықтарды мектепке қалдырып кетуге болады. Біз осы жылдың өзінде үйде электронды оқулықпен айналысуға мүмкіндік беріп жатырмыз.

 Менің өзім 1-ші 2-ші сынып бойына ұлымның сөмкесін тасып жүрдім мектепке. Ал мектеп ішіне ата-аналарды кіргізбейді ғой. Сондықтан мектеп алдында баламның арқасына сөмкесін іліп беретінмін, ал ол болса, шайқалып кетіп бара жатушы еді. Сыныбы болса екінші қабатта. Содан сырттан бақылап тұруыма тура келуші еді. Ана сөмкесі бір жағына шығып кетпейді ме деп.

 Сондықтан бұл ретте мен ата-аналарды өте жақсы түсінемін.

Бұл мәселені біртіндеп шешу үшін біз барлық шараларды қолданып жатырмыз қазір.

 Тілші: Қазір балаларға мектепке арнайы жұмыс дәптерлерін сатып алу міндетті ме?

Асхат Аймағамбетов: Қазір ондай дәптерлер бар, бірақ біз оларды міндетті түрде пайдалануды талап етпейміз. Мысалы, мемлекет есебінен осындай дәптермен қамсыздандырылмаған өңірлерде ата-аналарды ол дәптерді сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды.

 Өткен жылы біз оқулықтарға ол жұмыс дәптерлерін «байлау» дегенді қойдыртқанбыз. Ал егер біреу осы керек деп  қалап жатса, мархаббат, пайдалана берсін.

Тілші: Ата-аналар балаларға көп тапсырма береді дейді. Жалпы, үй тапсырмасын қою қажет деген ұсыныс та бар ел арасында...

Асхат Аймағамбетов: Білім және ғылым министрлігі үй тапсырмасын азайту үшін нақты шаралар қабылдады. Бірақ әр мұғалім өзінің пәні ең маңызды деп санайды және барлығына қарағанда көп тапсырма беруге тырысады. Қазір біз жұмыс тобын құрдық және осы саланы реттеу шараларын жалғастырамыз.

Тілші: Ағылшын тілін тағы бесінші сыныптан бастап қайта оқыта бастай  ма?

Асхат Аймағамбетов: Президентіміз ағылшын тілін екінші, үшінші сыныптан бастап немесе ата-аналардың таңдауы бойынша бесінші сыныптан бастап оқу керектігін айтты.

Шартты түрде бірінші сыныпта бізде үш әліпби болатынын түсінесіздер: латынша қазақша, ағылшынша латынша, орысша кириллицада жазу балаға өте қиын болады. Мемлекет басшысы мұны тамыз кеңесінде кесіп айтты. Менің ойымша, бұл қажет және маңызды шешім. Ал ағылшын тілінде физика, химия, биология және информатика пәндерін оқытуға келетін болсақ...

Қазір біз жаңа пән мұғалімдерін тілдік курстарға жіберуді қойдық. Басты назарды осыған дейін тілді оқытқан мұғалімдерге бұрып отырмыз. Солардың білігін қажетті деңгейге жеткізіп алу керек деп есептейміз.


Ағылшын тілінде сөйлейтін пән мұғалімдерін университеттерден қосымша алдыртамыз. Биыл төрт жыл бойына ағылшын тілінде арнайы грантта оқыған алғашқы түлектер бітіргелі жатыр.

Ал арнайы пәндердің ағылшынша оқытылуға көшуі мектептердің мүмкіндігі мен мұғалімдердің дайындығына біртіндеп, ақырындап жүзеге асырылады.

 

Әзірлеген, Кәмшат СӘТИЕВА




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар