Түнде жауған қардан кейін Алматыда кең көлемді тазалау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
9 желтоқсанда сағат 22:30-да Алматыда басталған жауын-шашын түн жарымда қалың қарға ұласты. 10 желтоқсан сағат 07:00-дегі мәлімет бойынша қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетті. Бұл - айлық норманың жартысына жуығы. Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, қаладағы қар күреу жұмыстарына 2 728 жұмысшы мен 75 жедел бригада жұмылдырылған. Қала жолдарына 1 000-нан аса арнайы техника шығарылды. Колонналардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ, 10 эвакуатор мен манипулятор тартылған.
"Бұған қоса, қалада жол мен көшенің жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік қойылған. Барлық коммуналдық қызмет қар толық тазаланғанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді", - деп жазылған хабарламада.
