"Айыптау актісін оқыған прокурор елдің есін екеу, түсін төртеу қылды" - депутат Шерзат ісі туралы

Сағыныш Сардарова 23 сәу. 2025 13:22 1039

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдап, ел ішіндегі атышулы қылмыстарға назар аударды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бүгінде "біздің қоғам қауіпсіз бе, жоқ па?" деген сұрақ әрбір адамды мазалайды.

"Былтыр білесіздер, әріптестеріміз Мәжіліс мінберінен қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Шерзат Полат туралы айтқан болатын. 16 жасар баланы аяусыз өлтіргендер қатаң жазаға тартылуы керегін талап еттік. Ағайынның кеудесін ашу кернеп отырғанда Шерзаттың өліміне күдікті ретінде қамалғандардың уақытша ұстау изоляторында ән тыңдап, тәтті жеп, ұялы телефон пайдаланып, уайымсыз ойнап-күлгенін көрдік. Жұрт жағасын ұстады, артынша қызметкерлер жазаланды. Бірақ бұл "ақшасы бардың абақтыдада мұртын балта шаппайды деген рас екен-ау" деген ойға қалдырды", - деді ол.

Депутат сот отырысына қатысты да пікір білдірді.

"Жуырда бұл іс бойынша сот басталды. Айыптау актісін оқыған прокурор елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Қаскөйлер анасы мен әжесінің көзінше Шерзаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, артынша басынан мылтықтың дүмімен ұрған. Бұл сұмдықты көзімен көріп баласына көмектеспек болған ананы тағы екі қаскөй жібермей ұстап тұрған. Бұл сұмдық емес пе? Қауіпсіз қоғамды қауіп-қатердің ортасына айналдырғандар уақытында неге жазасын алмаған? Сұрақ көп", - деді депутат.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, Шерзаттың қазасына қатысты сот онлайн өтсін деген талаптары орындалған.

"Енді шешімнің әділ болуын жауапты органдар қамтамассыз етуі шарт", - деді ол.

Депутат жуырда Жамбыл облысында мотоцикл жүргізушісіне жасалған шабуыл төңірегінде де пікір білдірді.

"Жақында Меркіде болған жағдай да қоғамды қатты үрейлендірді. Шымкенттегі мотомаусымның ашылуынан қайтып бара жатқан мотоциклшіге бір қаскөй жанармай бекетінде екі рет пышақ сұққан. Бәрі бейнежазбада бар. Артынша байкердің шетел азаматы екені белгілі болды. Қазақ «үйіңе келгенге, үйдей өкпенді айтпа» деуші еді. Ал әлгіндей әрекеттер Қазақстанның имиджіне есепсіз нұқсан келтірді. Жылдар бойы турист шақырамыз деп еткен еңбек еш кетті дей беріңіз. Тал түсте бейнекамераларды көре тұра адамды пышақтап кету қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты үлкен сұрақ тудырады", - деді Толықбай.

Депутат қазір мұндай дүниені пранк деп дәріптейтіндер көбейгенін де алға тартты.

"Желідегі жұрт "айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді" деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол қазір пранк аталып кеткен құбылыс. Интернетті ашып қалсаң, парақшаны басып қалсаң алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып оны бір-біріне сұғып құлап елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң «бұл пранк» деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі.  

Сиқыры жоқ, қолдарындағы қару кедергіге тап болғанда жүзі ішіне кіріп кететін пышақтар. Бұл не масқара? Енді бейтаныс біреу пышақ ала жүгірсе "бұл шын ба? Әлде пранк па? Қолындағы пышақ шынымен жаралай ма, әлде жүзі ішіне кіріп кете ме?" деп күтіп тұру керек пе?" - деп ашынды ол.

Мақсат Толықбай ішкі істер органдарынан мұндай жағдайда қатаң шара қолдануды талап етті.

"Ойыннан от шығады дегенді бала кезден біліп өстік. Сол отты үрлеп жүргендерді құқық қорғау орындары жауапқа тарту керек. Әлгіндей ойыны қанбаған ойсыздардың ойыншығын сатылымнан алып тастау қажет! Бұл қоғамның қауіпсіздігі үшін керек. Жауапты органдар айыптының заңға сәйкес жазасын алуын қадағалауы қажет", - деді ол.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар