Айдос Сарым: "Шүкіршілдердің өзі әрең шыдап жүр"

Dalanews 18 мам. 2018 05:23 1063

«Белгілісі, бүгінгі биліктің қазақпен он қайнаса да сорпасы қосылмайды» дейді Айдос Сарым.  Және дұрыс айтады. DalaNews.kz cаясаттанушының «Неге солай?» бағдарламасына берген сұхбатын ықшамдап ұсынып отыр.  Сонымен, Сарым не дейді?

Саргсян? Арменияда 300 мыңнан аса адам алаңға шыққан. Олар билікке қарсы көтерілді. Арменияның көзі ашық, көкірегі ояу қоғамы күні кеше аман-есен сайланып алған Саргсянды қабылдамады. Себебі, қажыды. Билігінен қажыды. Билеп-төстеуінен қажыды.

Путин? Ресей президенті бүтін бір ұрпақтың қолдауынан айрылды, анығында.  Интернет буынды қарсы қойды өзіне. Путин қайтті? Интернетті бұғаттамақ болды ол. Қазіргі заманның ең басты құралы, былайша айтқанда қазіргі жастардың көзі, тілі мен құлағын тартып алуға әрекеттенді Ресей президенті.

Бұл бізге де үлкен сын. Сабақ аларлық жағдай. Біз дегенде біздің билікті меңзегенім ғой.

Біздің билік қайтті? Кем дегенде екі буынды саясат пен қоғамның алаңынан лақтырып, ысырып жіберді. Бұлар кімдер?
Бұлар –  ердің жасы елуге жеткендер, елуден асқандар және Тәуелсіздік түлектері. Бүгінгі жүйе бұларды саясатқа да, экономикаға да, қоғамдық өмірге де сыйдырмай тастады.

Дәл қазір біздің буынның уақыты. Қамал алатындардың...

Бүгінгі жүйенің бір мүшесі бұзылмай қала берер болса, көр де тұрыңыз, ертең мына біздерді де лақтырып тастайды. Анығында, әрбір буын келесі буынға жолын бергені жөн. Жол беріп үйренгені жөн.

Мысалға, Қытайда әр он жыл сайын биліктегі буын алмасып отырды осы күнге дейін.  Бәлкім, біздің орнымызға кейін келетін ұрпақ бізге қарағанда орнықты, ақылды болатын шығар, дұрыс шешім қабылдайтын болар деген сенім болды өйткені. Қытай осы арқылы әр буынның билік ішінен өз орнын табуына жағдай жасады.

Біздің билік ше? 


Біздің билік не бітірді?

Белгілісі, бүгінгі биліктің қазақпен, тәуелсіздік ұрпағымен он қайнаса да сорпасы қосылмайды.

Ал қоғам меңіреу емес. Қоғам ояу. Санасы сергек. Көзі ашық. Бәрін көріп-біліп отыр. Әлдебір жағдайдың боларын күтіп, әліптің артын бағып отырғандай көрінеді маған.

Соңғы 10 жылда қоғамның ішінде көзге көрінбесе де үлкен өзгеріс болды. Бұл өзгеріс әлі жүріп жатыр. Оның қайда апарарын, қайда апарып соқтырарын сіз бен біз білмейміз.
Мұны билік те түсінген сыңайлы еді. Қазаққа жақындаудың жолын іздеген сияқты еді. «Рухани жаңғыруды» алайық. Мұны қазақтың тарихына, руханиятына, жалпы болмысына негізделген саясат құру, соның айналасына топтасу деп ұққан едік.

Алайда кешегі 9-мамырдағы жағдай қазақтың осы бір көтеріліп келе жатқан көңіл-күйін су сепкендей басты.

Ресейдің қазаққа жақсылық ойламайтынын жақсы түсінетін қауым қара бұлттай түнерді.

«Әй, айналайындар, біз қай мемлекетте өмір сүреміз осы? Мыналарың не? Көрші елдің үгіт-насихатын жүргізуге қалайша рұқсат бердіңдер? Рухани жаңғырғандарың осы ма сендердің? Бұлай жаңғырғандарыңа болайын...» деген ащы да болса ақиқат айтылды.

Иә, солай. Дәп солай.  
Жаужүрек дей ме, ажалсыз дей ме, күні кеше Алматыдағы алаңмен жүріп өткен шеру («Бессмертный полкті» айтып отыр, ред.) Ресей үшін өзінің үгіт-насихатын, империялық саясатын жүргізудің, орыстілді қоғамды бір жұдырыққа жұмылдырудың жолы екенін біздің биліктің білмей қалғаны қалай?

Керек десеңіз, кейбір мемлекеттерде бұлайша шеруге шыққандарды сол елдердің полицейлері тырқыратып қуып жіберді. Тіпті Беларусьтің өзінде мұндай болған жоқ. Грузияда кеудесіне Георгий лентасын жапсырған Ресейдің дипломаттарын Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюға жібермей қойды. Міне, мінез деген қайда?!  Болашағын ойлаған елдің белгісі бұл. Мұны қазақ көрмей, білмей отырған жоқ. Көріп отыр, тәнті болып отыр.  Бұл – болашағын ойлаған елдің тірлігі.

Қазіргі ахуал 


Жағдай қиын қазір. Жұрттың жиған-тергені түгесілуде.  Мүлкі тозып, мәшінесі сынып, үйдегі техникасы істен шығып жатыр. Оның орнын алмастырар қаражат жоқ қолында. Бала-шағаны асырау қиынға соғуда. Бұрынғыдай «көппен көрген ұлы той, жұрт қатарлы өмір сүріп отырмыз ғой» деген көңіл күй қалмаған қазір.

Тағы бір байқағаным бұрындары біздің алдымыздағы буын, тіпті біздің замандастарымыздың аузынан «әйтеуір, не болса да соғыс болмасыншы, еліміз тыныш, Елбасы аман болсыншы» деген  әңгімені жиі естуші едім.
Ал қазір байқасаңыз, үлкені де, кішісі де «не болса да бірдеңе болсыншы» деп тілеп отыр. Ашу, ыза жатыр астарында. Елдің пікірі күрт өзгерген. Билік мұны қазірден ұқпаса, қазірден назарға алмаса, күндердің күні оңбай опық жейді.

«Бәрін бақылап отырмыз, ешкімді тырп еткізбейміз» деп ойласа, қателеседі билік. Себебі қоғам қажи бастады. Қоғам өзгеріске дайын отыр. Осыну ұғыну керек билікке.

Халыққа бетбұруы, біртабан жақындауы керек мұндайда. Халықтың сынын қабылдайтын, пікірін тыңдайтын кезге келді. 

Билік «ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз» дейді. Бұлдамасын. Бұл біздің нәпақамыз әрі-беріден соң. Ата-бабамыздың маңдай тері, найзаның ұшымен сақтап қалған қара жердің қазба байлығы. Мұны бізге баяғыда беруі керек еді.  
Биліктің өзі айтып қалды. «Бізге мемлекеттік бірлік: экономикалық, саяси және әлеуметтік бірлік керек» деді. Әлеуметтік бірлік дегеніміз халықтың бұл елде әділеттің бар екеніне сенуінде жатыр.  Әділет мәселесін бір жөнге келтірмей, биліктің қазіргі қарекетінің барлығы бос тірлік.

Күні кеше 9-мамырдағы шеруде соғысқа мүлде қатысы жоқ адамдар жүрді. Келмеске кеткен Қызыл империяның жалауын ұстап алған. Қайдан шыққаны белгісіз казактар жүр. Бірде-бір әкім келіп, бірде-бір полицей келіп: «әй көке, көзін құрт мынаның, әйтпесе жегеніңді желкеңнен шығарам, жазаңды аласың» деген жоқ.

Дәл келесі күні Қазақстанның бірнеше қаласында адамдар алаңға шығып, саяси тұтқындарға бостандық сұрады, жемқорлық жойылсын, әділдік орнасын деп ұрандады. Бұларды қайтты? Өз елінің мәселесін ашық айтқан адамдарды бес-алты күнге абақтыға тықты, айыппұл салды. Бұл қаншалықты әділетті?

Әблязов?


Жоқ, халық Әблязовты қолдап отырған жоқ. Бұл – анық нәрсе. Бірақ, алдағы уақытта тағы бір әлеуметтік қақтығыс, қандай да бір дүмпу болар болса билік өзінен көрсін.
Пара алып ұсталып жатқан кім? Шенеуніктер. Ішіп ап адам қағатын кім? Шенеуніктер, не болмаса олардың балалары. Заң бұзғанына қарамай, жазадан оңай құтылып жатқан кім? Тағы да солар.

Бұл биліктің әбден есіргенін көрсетеді. Осы есірген билікке қой дейтін, отставкасын талап ететін институттар керек, мұндайларды тікелей эфирде соятын саясат қажет. Сонда ғана жұрттың көкейінде: «бұл елде әділетті айтатын адамдар, құрылымдар бар екен ғой» деген сенім пайда болады.

Мынаны түсіну керек, мемлекеттің  басты міндеті  жол салу, жалақы беру емес. Мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың қажыр-қайратын мемлекеттік мәселеге бұру. Әр сөзімен, әр ісімен халық билікке сенетіндей әрекет жасау. Заңды жұмыс істету. Жұрттың құдай берген құқығын іске асырғызу.

Көр де тұрыңыз, егер ертеңгі күні қазақтың ішінде:
«Мына билік тұлабойы қазаққа жау екен.  Мына билік қазақ мәселесін көтергенің үшін қудалайды екен. Өз елімізде жүріп өзіміздің мәселені айтқызбайды екен» деген қоғамдық пікір пісіп-жетілер болса, мына биліктің уақыты сағат санап емес, минут санап өтетін болады.

Қазақстаннан қашып үлгере ме, жоқ па, ол екінші мәселе. Қай жерге тығыларын білмей қалады. Осыдан сақтануы керек қазіргі билік...

Қарапайым халықты қойып, қазір «билік кетпей ештеңе өзгермейді. Бұл биліктен ешқандай үміт те, қайыр да жоқ. Бұл биліктен баяғыда қол үзгенбіз» деген әңгімені мүйізі қарағайдай академиктер, атағы дардай ғалымдар дастарқан басында, той -томалақта ашық айтып жүр. Күбір-күбір әңгімелер көбейіп келеді күн өткен сайын. Билік біле ме мұны?, – деп түйіндеген екен сөзін Айдос Сарым.   

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар