Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев елорда судьяларына Астана қалалық сотының жаңа төрағасы Айдар Смағұловты таныстырды, деп хабарлайды Dala news.
Жоғарғы Соттың мәліметінше, бұл қызметке тағайындалғанға дейін Айдар Смағұлов Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған. Кездесуге Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, елорда соттарының судьялары мен қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Асламбек Мерғалиев жаңа төрағаны таныстыра отырып, оның кәсіби тәжірибесін, басқарушылық қабілеттерін және судьялар қауымдастығындағы беделін атап өтті.
Жоғарғы Сот төрағасы елорда мемлекетіміздің ірі саяси, әкімшілік және іскерлік орталығы екенін айтты. Сондықтан мұнда қоғам үшін маңызды әрі күрделі істердің көп бөлігі қаралатынын атап өтіп, соттардың жұмысы жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететінін жеткізді.
Сонымен қатар Астана судьялар корпусының алдында сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайту міндеті тұрғанын айтты.
Асламбек Мерғалиев Айдар Смағұлов соттардың тиімді жұмыс істеуіне және олардың әрі қарай дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Айдар Смағұлов 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Благовещенка ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
2001–2004 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы соттары әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде қызмет атқарған.
2004–2010 жылдары Петропавл қалалық сотының және Петропавл қаласының №2 сотының судьясы болған.
2010–2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған.
2014–2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болды.
2017–2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарды.
2023 жылдан 2026 жылғы 4 наурызға дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болды.
