Қанат Әділбаев 1972 жылы 14 желтоқсанда дүниеге келген, Аягөз қаласының тумасы. «Инженер-экономист» мамандығы бойынша жоғары білімі бар, сонымен қатар экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болған.
– Қанат Серікқанұлы еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласы бойынша салық инспекциясының заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі салық бөлімінде бірінші санатты маман болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Семей қалалық Салық комитетінің төрағасы болып, Қаржы министрлігі жүйесінде қызмет етті. Қанат Әділбаевтың іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Ол өзіне жүктелген мәселелерді сауатты шеше алатын қабілетке ие, – деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Сонымен қатар, Аягөздің жаңа әкімі 2019-2021 жылдар аралығында Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, осы аралықта қалалық әкімдіктің бюджетті қалыптастыру және атқару, несие және кеден саясаты, банк мекемелері, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, байланыс мәселелерін қадағалаған. Бұдан басқа «АКМ Стройсервис» ЖШС директоры сын жауапты қызметтерді атқарған.
Айта кетуіміз керек, Қанат Әділбаев жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Абай ауданы Мәслихатының экономикалық және қаржылық даму, кәсіпкерлік қызмет саласындағы тұрақты комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.