Ахметов қызметін сақтап қалды: Ол Жаңа Қазақстанға не үшін керек?

Dalanews 07 жел. 2022 11:42 1140

Бүгін президент Тоқаевтың Жарлығымен Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қайта тағайындалды.

Күні кеше ғана Dalainside телеграм арнасы инсайдерлік мәлімет көздеріне сүйеніп, Ахметовтың өз қызметін сақтап қалатынын жазған еді. Сол болжам расқа айналды.

Жалпы, соңғы уақыттары Dalainside-тің саяси болжамдары дәл келіп жүр. Жазылып, жаңалықты бірінші болып біліп жүруге болады.

Ахметов кім?


Енді Даниал Ахметовтың қайта тағайындалуына қатысты көкейге тұнған бірер ойымызды көпшілікпен бөліссек.

Биліктің ұшар басындағы жоғары қызметтердің бәрін атқарған Ахметов үшін қызметін сақтап қалу анау айтқандай қиын шаруа емес десек артық айтқандық болмас. Өйткені дәл қазір Ахметовты алмастыра қоятындай кадр жоқ.

Ахметов Үкімет басқарған жылдары Қазақстан экономикасы барыншы дамыды. Мұны сол кездегі статистикалық деректерді бір қарап шыққан адамның көзі жетеді. Сондықтан Дәкеңнің сол кездегі еңбегін ұмытуға боламайды.

Кезінде Dalanews.kz сайты Ахметов Павлодарда әкім болып тұрғанда өзі Моңғолияға «Камазбен» барып, қандастарымызды көшіріп әкеліп, қандастардың ауылын құрып берген болатын.

Бұдан басқа орысы көп өңірде өзгелерге үлгі болсын деп баласының қолынан жетектеп барып, қазақ мектебіне бергенін жұрт жырдай қылып әлі күнге дейін айтады.

Тәуелсіздік жылдарындағы тарихқа үңілсеңіз, осындай «әрекетке» барған шендіні қолыңызға шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Әрі қарай кеттік.

Әдетте әлдекімдер Даниал Ахметовті отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ертегінің кейіпкеріне ұқсатуға құмар. Шындығында Ахметовтің әкімдік қызметті сақтап қалуының анау айтқандай құпиясы жоқ.

Ең бастысы ол өзіне тапсырылған істі тыңғылықты атқаратын білікті маман, іскер басшы. Болған-біткені осы ғана.


Айталық, қараша айында Риддер қаласында Екібастұздағы жағдайға ұқсас төтенше оқиға орын алғанын бәріміз білеміз.

Бірақ сол кезде риддерліктер жылусыз қалғанда қоғамдық ортада анау айтқандай айқай-шу туындаған жоқ. Сонымен қатар болған оқиғаны жасырып, жабу деген де болмады. Неге?

Сол кезде Ахметов Риддерге барып, жағдайды бақылауында ұстай білді. Тек өзі ғана барған жоқ, өзімен бірге Шығыстағы ірі зауыттардың білікті қызметкерлері мен техникаларын ала барып, төтенше жағдайды жоюға облыстың барлық ресурсын жұмылдырды.



Осылайша Ахметов өзіне сеніп тапсырылған аумақты бақылауында ұстайтын іскер басшы екенін көрсетті. Әйтпесе өндірісі өркендеген Павлодар облысында Екібастұздағы жағдайды тез арада реттейтін ресурсы болмады дегенге кім сенеді.

...

Бүгінде өңірлерде қандайда бір төтенше оқиға орын алса, орталықта жүрген кейбір шенділер өзіне жарнама жасап қалуға тырысады. Бұдан басқа «Аманат» партиясының волонтерлері де жұрттан жылу жинап, көмегін көрсетіп жіберетін әдет те қалыптасты.

Ең бірінше кезекте Ахметов Риддердегі төтенше оқиға кезінде ешкімнің саяси жарнама жасауын жол берген жоқ.


Депутаттар Екібастұзға барғандай – Риддерге ағылмады. Жертөлеге түсіп жағдайды өз көзімен көрген Смайыловты да көрмедік.

Осылайша Ахметов қазақ қоғамына өз мәселесін өзі шеше алатын менеджер екенін көрсетті.

Осындай сын сағатта мәселені ың-шыңсыз шешкен Ахметовтың әрекеті оның қызметін сақтап қалуына қатысты нақты логикалық жауап болары анық.

Бүгінде әлеуметтік желідегі жұрт Ахметовтың зейнеттік жасын бетіне басып, әңгіме айтуға құмар. Енді осы мәселеге қатысты көкейімізде көптен бері жүрген ойымызды бөлісе кетсек.

...

Осыған дейін Даниал Ахметов, Бердібек Сапарбаев және Амандық Баталовты жастардың жолын байлап отырған адам ретінде көрсетуге күш салған топтар болды.

Бұл енді Назарбаев кезіндегі жымысқы саясаттың бір бөлігі десек болады. Нұрекең өзі биліктен кеткеннен кейін қоғамдық ортада осындай тенденция қалыптастырып кетті.

Егер жас кадрлар жергілікті жерде жұмыс істеуге аңсары ауса, Ахметовтың әкімдік қызметінен басқа да жұмыс орындары жетіп артылады.

«Билікке жастар келсін!» деп әңгіме айтушылар билікке келсе халықтың аузынан ақ майды ағызатын 10 жастың есім-сойын атап бере ала ма? Атай алмайды. Жалындаған ондай жасты да көрмедік.


Әңгіменің ашығын айтсақ бұл – Назарбаев кезінде пайда болған көп лозунгтердің бірі ғана.

Иә, жастарға жол беру керек. Бірақ қандай жасқа жол береміз? Жауапкершілікті мойнына алатын жас менеджерлер бар ма?

Бүгінде Түркияда қашып жүрген Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғанда талай жас Алматы қаласындағы жауапты қызметтерге тағайындалған еді.

Сол кезде "Нұр-Отанның" қазанында қайнаған мансапқор жастар билікке келген бетте коммуналдық қызмет саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген тәжірибелі мамандарға тіс батырып, жұмыстан шығарып, жұмысты қожыратып жібергенін бір танысымыз айтқан еді.

Бізге осындай мансапқор жастар керек пе?

Дәл қазір билік басындағы жастарды екіге бөліп қарастыруға болады.



 

Біріншісін, Назарбаевтың идеологиясын ұрандатқан "Нұр-Отан" белсенділері десек, екіншілері – карьерасын әке-көкесінің банктері мен жеке компанияларында бастаған қаржы «спекулянттары». Олар "қатты айтты" деп бізді сөге жамандамасын. Анығы осы.

Қазір биліктің басында жүрген жастардың өмірбаянына үңілсеңіз біреуінің ауыл-аудандағы әкімдікте, шаруа қожалығында, өндірісте бір күнде жұмыс істемегеніне көз жеткізесіз.

Есесіне бәрі шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, одан кейін атынан ат үркетін «корпорейшндерде» жұмыс тәжірибеден өткенін байқайсыз.

Мұндай жастардың зейнет жасындағы кадрлардан «артық» тұсы орыс пен ағылшын тілін қазақ тілінен артық білетіні көзге ұрып тұрады. Өмірінің көп бөлігін шетелде өткізген мұндай жастар ауыл ауданға аттап баспайтыны белгілі.

Иә, билікке жастарды тару керек. Біздіңше, билікке бірінші кезекте шаруашылықта, өндірісте жұмыс істеп ысылған жастарды әкелу керек. Астанадағы дөкейлердің балаларын біраз уақытқа облыстық әкімдіктерге «командировкаға» жіберуді қою керек.

Дәл қазір «корпорейшндерде» тәжірибе жинап, бизнес бойынша іскерлік әкімшілік магистрі (МВА) атанған һәм қазақ тілін білмейтін бай-бағландардың балаларымен жергілікті жерлерде Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес.

Жеңілді асты, ауырдың үстімен жүрген мұндай «магистрлер» еш уақытта Ахметовтың орнын ауыстыра алмайды.


Соны біліп жүрейік, ағайын.

Нұрлан ЖҰМАХАН




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар