"Аузыңды жап, қазір сені де өлтіреміз" деді". Шерзаттың анасы оқиға қалай болғанын айтты

Сағыныш Сардарова 18 сәу. 2025 12:22 1140

Сотта марқұм Шерзат Болаттың анасы Гүлбара Бишімбиева жауап беріп жатыр. Ол қайғылы оқиға болған түнді баяндады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жәбірленуші тарап өкілінің сөзінше, дүкен алдынан он-он бес шақты адам көрген.

"Бұлар Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып кетеді. Сол кезде әжесі жүгіріп келеді де "балаларым, қойыңдар" деп айтып жатқан кезде Абзал қолынан жұлқып жібереді. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алады. Оларға жібермейді. Одан кейін Абзал мен Нұрболға "менің балама тимеңдерші, анасымын" деп өтіндім. Сол кезде Абзал маған "аузыңды жап, қазір сені де өлтіреміз" деді. Дүкен жаққа қарағанымда екі қызды көрдім. Екі қызға қарап, "жедел жәрдем, полиция шақырыңдаршы" дедім. Ол қыздар маған қарап тұрды, ештеңе істеген жоқ. Қолымнан жұлқып, Шерзатқа қарай шығып кеттім. Ол кезде 7-8 адам Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып жатады. Сол кезде Шерзат артқа шегінді де құлады. Сол кезде Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Шерзатқа жүгіріп бардым. "Мама, мына жерімді қараңызшы" деп, сол жағын көрсетті. Пышақ салғанын көрдім", - деді ол.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар