Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі өз қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Талдау 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтеді. Оның барысында министрлік қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы ықтимал нормалар мен факторлар анықталады. Сонымен қатар ведомствоның ұйымдастырушылық және басқарушылық қызметі де бағаланады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңның 8-бабы 5-тармағына сәйкес, министрлік қызметінің бірнеше бағыты бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Тексеру 2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 31 тамызға дейінгі кезеңді қамтиды.
Ішкі талдау Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген үлгілік қағидаларға сәйкес жүргізіледі.