“Ауыл” партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі мәселелерді шешеді деген үмітте. Осы тұста ол диқандардың қазіргі жағдайына ерекше тоқталып өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Төраға өткен жылы ауыл шаруашылығында келеңсіз жайттың нәтижесінде диқандар үлкен шығынға ұшырағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселеге ешкім назар аудармаған.
“Ауыл партиясы Үкіметке ең алдымен ауыл тұрғындары мен агроөнеркәсіп кешенін толғандыратын мәселелерді қойған болатын. Біздің ұстаным әрқашан Президент тапсырмаларымен сәйкес келетінініне қуаныштымыз. Диқандарымыз былтыр ерекше қиын жағдайға тап болып, 300 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырады. Сол кезде Ауыл партиясы Үкіметке сауал жасады. Өкінішке қарай ешкім құлақ аспады" - деді Серік Егізбаев.
Төраға осындай қиындық туғызған мәселелер енді жаңа Үкімет назарынан тыс қалмаса екен дейді.
“Жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп үлкен үміт артамыз. “Ауыл“ партиясы жаңа Премьер-Министр мен жаңа Үкімет мүшелері Президентіміздің тапсырмаларын дереу орындайтын және Парламент депутаттарының, оның ішінде 8 миллионға жуық ауыл тұрғындарының мүддесін қорғайтын партия депутаттарының ұсыныстарын ескеретін, құлақ асатын, қажет шешімдерді тез қабылдайтын, ықпалды Парламентке есеп беретін мықты Үкімет болады деп үміт артамыз”, — деді ол.